Нұрсұлтан Назарбаев. Фото: Ақорда
Жапондар Елбасының Хиросимадан әлемге жолдайтын арнайы үндеуіне үлкен қызығушылық танытты деп хабарлайды 24.kz.
Жапон халқы Қазақстан президентінің 6-9 қарашада күншығыс еліне жасайтын ресми сапарын күтіп отыр. Жергілікті ақпарат құралдары Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында NHK телерадио хабарлар тарату корпорациясы мен «Киодо Цусин» ақпарат агенттігіне берген сұхбатындағы келелі мәселелерді кеңінен талқылап жатыр.
Әсіресе жапондар Елбасының Хиросимадан әлемге жолдайтын арнайы үндеуіне үлкен қызығушылық танытты. Бұл туралы NHK телерадио хабарлар тарату корпорациясының сайтында жарияланды. Онда қазақ басшысының барлық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл және жаппай қырып-жоятын қарудан толығымен бас тарту туралы бастамаларына басымдық берілген. Жапон жұртшылығының Елбасы үндеуін асыға күтетіндей жөні бар.
Бұл ел ядролық қарудың зардабын тартқан халық екені тарихтан белгілі. Еске сала кетсек, 1945 жылдың 6 тамызында АҚШ-тың қарулы күштері алдымен Хиросимаға, кейін Нагасакиге атом бомбаларын тастап, салдарынан 200 мыңдай адам қаза тауып немесе із-түссіз жоғалған еді. 160 мың тұрғынға радиоактивті сәуле өтіп жарақат алды.
KAZAKBOL.COM