Елорданың элиталық аумағын бір тәуліктен артық жарықсыз қалдырған апатқа «Астана ЛРТ» компаниясы кінәлі болуы мүмкін. Бір сәтте қара түнекке енген Есілдің сол жағалауындағы төтенше жағдай туралы әкімдіктегілер осылай дейді. Ал, экономистер 24
сағатқа саудадан қағылған дүкендер миллиондаған табыстарынан айырылғанын айтады. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. Жемқорлық пен қыруар қаржының ретсіз жұмсалуы десе, елордалықтардың бірінші болып есіне келетін «Астана ЛРТ» компаниясы тағы бір былыққа іліккендей. Әкімдіктегілерге сенсек, қоғамдық көлікті «төбемізден жібереміз» дегендер бас қаланың ең шырайлы, саяси элита мен бай-манаптар тұратын бөлігінде бір жарым тәуліктен артық жарықтың сөнуіне себепкер болуы мүмкін. Өйткені дәл осы компанияның тапсырысымен 2007 жылы тоқ көздері ақау берген Сығанақ Ақмешіт көшелерінің қиылысында кабельдер ауыстырған екен. ЕРНАТ БӘЗІЛ, «ҚАЛАЛЫҚ ОТЫН-ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КЕШЕНІ ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ» ММ БАСШЫСЫ «Біздің мәліметімізше, 2007 жылы соңғы болып кабельдерді өзгертуге тапсырыс берген ЛРТ. Осы компания тапсырыс берсе, бас мердігер «Құлагер» жауапкершілігі шектеулі серіктестік. Олар 17-18 кабельді шығарып, өзгерткен. Қазіргі кезде бұл жайтты тәуелсіз сарапшылар анықтап жатыр». Шенеуніктер 70 метрлік 40 кабелдің неден өртке оранғанын нақты анықтап жатыр. Ал, бизнес өкілдері бір күндік жұмыстың тоқтап қалуы қанша шығын әкелгенін санап әлек. Біз сауда орындарынан сөре мен тоңазытқыштағы қанша тауардың бұзылғанын, ауаға кеткен қаржының мөлшерін сұрадық. Көбісі жауап беруден қаймықты. Бірі, коммерциялық құпия деп құтылса, екіншісі оны айтқанымен, ешкім шығынды қайтармайды, деді. «Один день пришлось, конечно, закрыться. Сильно переживала холодильников, морозильников, продукции, которые там у нас находяться. Но слава Аллаху! Вчера вот свет дали. Работаем». «Жұмысқа шықтық.Света нету. Как мы будем работать. Все через электричество. Кассовый аппарат, все. » Экономист Ләззат Жанмолдаева супермаркеттердің тәулік бойы жұмысын тоқтауы миллиондаған қаржының жоғалтқанын меңзейді, дейді. Сондықтан есеп-қисапқа жақын маман кәсіпкерлердің «шығын қайтпайды» деген түсініктен арылып, тиісті органдар мен сауда палатасына шағымдануға кеңес береді. ЛӘЗЗАТ ЖАНМОЛДАЕВА, ЭКОНОМИСТ «Орташа есеппен алсақ, кез келген супермаркет, шеткі аймақтардағының өзін де алатын болсақ, бір күнгі табыстары, ең төменгі 9 миллионнан бастап, 30 миллионға дейін болады екен бір күнгі табысы. Ал, егер бір күнгі жарық болмаса, осыдан көруімізге болады. Кез келген супермаркет, гипермаркеттің шығындары аз емес». Есілдің сол жағалауы 40 сағатқа жуық жарықсыз қалу себебін вице-премьер бастаған арнайы комиссия анықтап жатыр. Бірақ нәтижесі қашан шығатыны белгісіз. Әлеуметтік желідегілер ақыр соңында басшылық емес, қарапайым жұмысшы кінәлі болмақ дегенді болжауда. Қылмыстық іс те қозғалған. Айта кетейік, апат тек тұрғын үй кешендерін ғана емес, Ақорда, Парламент, Министрлер үйі, Жоғарғы сот сынды нысандарды қара түнекке енгізген еді.
KAZAKBOL.COM