Тәжікстанның Хатлон облысы Вахш ауданы билігі жас жұбайлар Шарифбек Зиёев пен Гулхавас Шоеваның өліміне қатысты пікір білдірді.
Биыл наурыз айының аяғында Вахш ауданында 26 жастағы Шарифбек Зиёев пен 17 жастағы Гулхавас Шоеваның өлі денесі табылған. Үш күн бұрын ғана үйлену тойы болған.
«Отбасында ешқандай кикілжің болмаған. Тергеу ісі жас жұбайлардың психикалық аурумен ауырғанын анықтаған», — деді Вахш ауданы әкімі Курбон Юсупов.
Аудан прокуроры Салохиддин Исмоилзода да аудан әкімінің сөзін растады. «Тойдың алдында оларды молдаға апарған екен. Ішіндегі жындарын шығару үшін. Ата-анасы тойдың алдында екеуі түнде тұрып, далаға шығып кететінін айтты», — дейді ол.
Күйеу жігіттің туыстары журналистермен кездесуден қашты. Ал қалыңдықтың әкесі Махмадзоир Шоев қызының денсаулығы жақсы болғанын, ешқандай психикалық ауруға шалдықпағанын айтады.
Оның сөзінше, прокуратура қызметкерлері Шарифбектің психикалық аурумен ауырғанын жеткізген.
«Тергеушілер күйеу жігіттің әке-шешесі алдымен оны емдеуі керек еді, сосын барып үйлендіруі керек еді деп айтты. Менің ойымша, күйеу жігіт қызымды өлімге апарды», — дейді қалыңдықтың әкесі.
Хатлон облысы психоневрологиялық аурухана өкілі Шарифбек Зиёев пен Гулхавас Шоеваның мекемеде тіркеуде жоқ екенін айтқан.
Вахш ауданы прокуроры жас жұбайларға қатысты тергеу ісі құрамында қылмыстық белгілер болмағандықтан, тоқтағанын мәлімдеді.
Шарифбек пен Гулхавас үйленгенге дейін бірін бірі танымаған. Тек әке-шешесінің келісімімен үйленген.
KAZAKBOL.COM