«Время» басылымының тілшісі, Kozachkov offside телеграм-арнасының авторы Михаил Козачковқа қатысты бұлтартпау шарасы өзгертілді.
Алматы тергеу соты 20 желтоқсаннан бері тергеу изоляторында отырған Козачковты үйқамаққа жіберді. Бұл жөнінде сенбі күні «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры хабарлады.
Козачков үйқамаққа жіберілгенін бұрын «Время» газетінде жұмыс істеген журналист Вадим Борейко да хабарлады.
Козачковты 18 желтоқсанда қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері ұстаған еді. Екі күннен соң сот оны екі айға қамады. 30 қаңтарда сот қамау мерзімін 18 наурызға дейін ұзартты.
Козачков «Болат Назарбаевтың көмекшісі» деп аталған Елдос Қоспаевтың қылмыстық тобына рейдерлік жасауға көмектесті деген күдікке ілінген. Агенттік өкілдерінің айтуынша, Қоспаев «рейдерлік құрбандарына ақпараттық шабуыл жасау үшін Козачковтың қызметіне жүгінген». Козачков сол үшін «қылмыстық топ мүшелерінен» 52 млн теңге (112 мың доллар) сыйақы алған деп айтылады.
Козачков адвокаты арқылы айыптарды терістеп, өзін кәсіби қызметі үшін қудалап отыр деп мәлімдеді.
Козачков ұсталған соң елде ондаған басылым мен медиа ұйымы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, журналисті босатуға үндеді. Қазақстан журналистер одағы «органдардан ел заңын сақтауды», «Козачковтың ісін жан-жақты, обектив түрде тексеруді» талап етті. «Әділ сөз» қоры «Козачковтың кұқығы өрескел бұзылғанын» мәлімдеп, оны босатуды сұрады.
Нью-Йоркте орналасқан Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Қазақстанда жемқорлық деректері туралы жазып жүрген журналист ұсталғанына алаңдаушылық білдірді.
Бұған дейін Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай «бұл іс Қазақстан заңнамасына сай тең құқықтар шеңберінде қаралуға тиіс» деп жазған.
KAZAKBOL.COM