Қаңтар оқиғасы кезінде «абақтыда азапталдым» деп арызданған қырғызстандық екі адамның қатарына Өзбекстанның тағы төрт азаматы қосылды. 8 маусым күні Алматы облысының прокуратурасы олардың арызын тіркеген.
Бұл туралы Азаттыққа құқық қорғаушы, «Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорының президенті Айна Шорманбаева айтты. Оның сөзінше, төртеуі де қаңтар кезінде абақтыда қырғызстандық музыкант Викрам Рузахуновпен бірге отырған.
– Олар қайта қудалайды деп қорқып, арыз жазбай кетіп қалған. Соққыдан әрең өздеріне келіп, жұмысқа тұрған, сөйтіп уақыт өтіп кеткен. Өзіміз Өзбекстанға барып, арызын алып, прокуратураға тергеліп жатқан іске [Алматы облысының прокуратурасы «Азаптау» бабы бойынша қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов пен Шолпонбек Сыдықовтың ісін тергеп жатыр] қосуды және оларды жәбірленуші ретінде тануды сұрадық. Прокуратура арызымызды қанағаттандырды, — деді құқық қорғаушы.
Құқық қорғаушы жәбірленушілердің қауіпсіздігі үшін аты-жөнін жарияламауды өтінді. Ақпаратқа қарағанда, бұлар 48 жастағы және 22 жастағы әкелі-балалы, олардың 33 жастағы туысы және 26 жастағы тағы бір адам бар. Төртеуі де – Өзбекстан азаматы.
Алматы облысының арнайы прокурорлар басқармасының бастығы Ғалымжан Сәрсеновтың қорға берген жауабында олардың арызына қатысты Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2,3-бөлігі («Қатігез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптау») және 362-баптың 4-бөлік, 3-тармағы («Билiктi немесе лауазымын асыра пайдалану») бойынша іс қозғалып, тіркелгенін жазған.
Былтыр қаңтар айындағы оқиғалар кезінде Қазақстанда екі қырғызстандық қаза тапты. Осы елдің бірқатар басқа азаматы ұсталғаннан кейін азаптаудан зардап шеккенін айтты. Олардың арасында джаз музыканты Викрам Рузахунов, сондай-ақ Шолпонбек Сыдықов бар.
Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанның құқық қорғау органдары Алматыда Викрам Рузахуновты ұстап, ұрып-соққан. Ізінше мемлекеттік телеарналар Алматыдағы бүлікке байланысты ұсталған адам туралы видео жариялап, оны «тәртіпсіздікке қатысқан» күдіктілердің бірі ретінде атаған. Видеода бет-жүзінде соққының ізі бар ер адам «Қырғызстанда жұмыссыз қалғанын, содан соң Қазақстандағы қарсылық митингісіне қатысуға келісім беріп, 90 мың теңге алғанын» айтады.
Қазақстанның күштік құрылым өкілдері Рузахуновты ұстап, ұрып-соққаны белгілі болып, мәселеге жергілікті және халықаралық ақпарат құралдары назар аударған. Ізінше Қырғызстан билігі мен қоғамының араласуымен босатылып, Бішкекке жеткізілген. Бішкектегі ауруханада оған операция жасалды. Оны «азаптау» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс бұған дейін бір тоқтатылып, қыркүйекте қайта жанданған. Қазір істі Алматы облысының прокуратурасы тергеп жатыр.
Бұған дейін музыкант Қазақстаннан өтемақы талап ететінін мәлімдеген. Алайда 25 мамырда Астана соты Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан билігінің өзі туралы таратқан ақпаратын шындыққа сәйкес келмейді деп танып, кешірім сұрауды талап еткен қырғыз музыканты Викрам Рузахуновтың шағымын қанағаттандырмады.
Рузахуновтың соққыға жығылуына байланысты Қырғызстан милициясы да қылмыстық іс қозғап, сараптама тағайындаған. Қорытындысында музыканттың денсаулығына ауыр зақым келгені анықталды.
Биыл 5 қаңтарда Қазақстан бас прокуроры Берік Асылов мәжіліс отырысында «Қаңтар кезіндегі жаппай тәртіпсіздікке қатысты күдікке ілінгендер арасында Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан азаматттарынан бөлек, Қырғызстан азаматтары да бар» деген еді.
Артынша, Қырғызстан мен Тәжікстан сыртқы істер министрлігі өз азаматтарының Қазақстандағы Қаңтар қырғынына еш қатысы жоғын ресми мәлімдеді.
Құқық қорғаушылардың дерегінше, қаңтарда жоғалып кеткен өзбекстандық кемі екі адамның аты-жөні белгілі. Олар Қарақалпақстанда туған Мақсет Қанатбаев пен Азат Жұманиязов. Қанатбаев 2022 жылы 6 қаңтарда Алматыдағы уақытша ұстау изоляторына жеткізілген. Содан бері қайда кеткені белгісіз. Оның із-түзсіз жоғалуына байланысты қылмыстық іс қозғалып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әлі тергеп жатыр. Құқық қорғаушылардың айтуынша, іске құпия мөрі қойылған.
Азат Жұманиязовқа полиция іздеу жариялаған. Алайда одан нәтиже болмаған.
KAZAKBOL.COM