Қазақстан дипломаттары Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету мәселесін талқылау үшін Кабулға барды. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігіне сілтей отырып ҚазТАГ ақпарат агенттігі хабарлады.
«Бүгін Қазақстан Республикасы президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыханов бастаған Қазақстан делегациясы жұмыс сапарымен Кабулға барды. Сапар барысында Қазақстанның Ауғанстан халқына гуманитарлық көмек көрсетуі, сауда-экономикалық байланыстарды қалпына келтіру мәселелері талқыланады» деп келтіреді ҚазТАГ СІМ мәлімдемесін.
Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, Қазақстан БҰҰ агенттіктерімен Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету бойынша одан әрі жұмыс істеуге ықыласты.
Тамыз айында «Талибан» билікке келгелі Қазақстан делегациясы Ауғанстанға алғаш рет барып отыр. Бірақ бұл ресми Нұр-Сұлтанның «Талибан» үкіметімен алғашқы байланысы емес. 26 қыркүйек күні Кабулда Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Әлімхан Есенгелдиев «Талибан» құрған үкіметте сыртқы істер министрі міндетін атқаратын Әмір Хан Муттақимен кездескен.
Ал оның алдында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ауғанстанмен іскерлік байланыстарға дайын екенін мәлімдеді. Сол күні қыркүйекте Қазақстан Ауғанстандағы 35 этникалық қазақты атамекеніне алып келді. Қазақстан билігі оларды елдің бес өңіріне қоныстандырып, бастапқы кезге қаржылай көмек берді.
17 қыркүйекте Душанбеде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде Тоқаев Ауғанстанның жаңа билігімен бейресми диалог бастауға шақырды.
KAZAKBOL.COM