Қырғызстанның Ош облысында «Ош» кеден орталығының бас инспекторы Азатбек Нүрдинов ұсталды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне Бішкектің 1-май аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Аудандық сот мәліметінше, Нүрдинов пен тағы бірнеше кеден қызметкеріне жемқорлық жасады деген айып тағылған. Бас инспектор Бішкекке жеткізілген, ал аудандық сот оны 22 мамырға дейін тергеу изоляторында ұстау жөнінде шешім шығарған.
Сенімді дереккөздер мен жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Азатбек Нүрдинов Жогорку Кеңеш депутаты Надира Нарматованың ұлы. Нарматова фейсбуктегі профилінде «Azatbek Nurdinov» есімді қолданушыны ұлы ретінде белгілеген.
Надира Нарматова әзірге Азатбек Нүрдинов ұсталғаны туралы ешқандай мәлімет таратпады. Арнайы қызмет те бұл туралы мәлімет бермей отыр.
Надира Нарматова «Ата-Жұрт Қырғызстан» партиясының тізімімен Жогорку Кеңеш депутаты атанған. Бұған дейін де депутат болған Надира Нарматова даулы ұсыныстарымен танылған. Надира Нарматова «шетел өкілдері» деп аталатын заң жобасын ұсынған. Бұған қоса, депутат TikTok әлеуметтік желісіне Қырғызстанда тыйым салу бастамасын көтерген.
KAZAKBOL.COM