Қырғызстанның Жалал-Абад мемлекеттік университетінің медицина факультетінде оқып жүрген жүзден астам студент оқудан шығарылған.
Университет өкілдері оқудан шығарылған студенттер сабаққа көп келмейді дейді. Ал өзбек студенттері бұған наразылық ретінде акцияға шыққан. Әлеуметтік желіде тараған видеолардың бірінде оқудан шығарылған студенттердің бірі университет әкімшілігіне былайша мәлімдеме жасады:
«Біз қазір деканға барсақ, бізді тыңдамайды, бізді адам деп есептемейді. Біз мұнда бірінші курстан бері оқып жүрміз, анатомия туралы пән болған емес. Анатомияны білмесек, қандай дәрігер боламыз? Мұнда тек ақша берсең ғана оқуда қаласың, коррупция жайлаған», — дейді студент.
Университеттің емдеу факультетінің деканы Гүлбара Ташиева студенттердің сөздерімен келіспейді. Оқудан шығарылғандардың дені сабаққа келмейді дейді.
Ол сабаққа келмейтін 50 пәкістандық және үнді студентінің де оқудан шығарылғанын жеткізді.
Оқу орнында оқитын 3300 студенттің 400-і Өзбекстаннан келген екен.
Оқу орнының бір жылдық құны 120 мың сом (1500 доллар) болса, шетелдіктер 2000 долларға дейін төлейді екен.
2017 жылы Қырғызстан мен Өзбекстан қарым-қатынасы жақсарып, шекара ашылғаннан кейін, Қырғызстанда білім алуға ниеттенген өзбек жастары көбейген.
KAZAKBOL.COM