Новости Казахстана, Новости России и мира,Обновляемая лента новостей

Қазақстан СІМ Ауғанстаннан 2000 босқын қабылдау туралы ақпарды терістеді

KAZAKBOL.COM

Әлеуметтік желілелерде Қазақстанның ауған босқындарына арнап лагерь салатыны туралы ақпарат тарап жатыр.

Азаттық тілшісі хабардың рас-өтірігіне көз жеткізу үшін Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне хабарласты, министрлік «АҚШ үкіметіне жұмыс істеген ауғандарды уақытша қабылдау жөніндегі келісімді» жоққа шығарды.

«Қазір тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Ауғанстандағы жағдай сағат сайын өзгеріп жатыр, сол себепті қандай да бір нақты шешім туралы айтуға ерте» деді министрліктің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.

Мұның алдында Telegram желісіндегі «Чиновник» каналы «Қазақстан АҚШ үкіметіне жұмыс істеген ауғандарды уақытша қабылдау туралы келісімге келді» деп хабар таратқан. Онда «босқындарға арналған лагерь Қазақстанның оңтүстігінде болады, бірақ оның Алматы не Түркістан облысы емес екені анық» деп жазылған.

«Бастапқы келісім 2000 ауғанға арналған, бюджет бөлінген. Кеше АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстан сыртқы істер министрі Тілеуберді Мұхтармен телефон арқылы сөйлесіп, босқындарды қабылдау процесінің егжей-тегжейін талқылады» делінген «Чиновник» каналының жазбасында.

13 тамыз күні Мұхтар Тілеуберді расымен Энтони Блинкенмен сөйлескен. Бұл туралы екі тарап та ресми түрде мәлімдеді.

АҚШ үкіметінің сайтындағы ақпаратқа қарағанда, 13 тамыз күні Блинкен Тілеубердімен «Ауғанстандағы жағдайды талқылаған».

Бірақ Қазақстанның сыртқы істер министрлігі таратқан баспасөз хабарламасында Ауғанстан аталмаған.

«Америка тарапының бастамасы бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен телефон арқылы сөйлесті. Тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытудың жай-күйі мен перспективаларын, өзекті халықаралық проблемаларды, екіжақты және көпжақты форматтағы алдағы іс-шараларды талқылады» делінген СІМ релизінде.

Алайда бүгін, 15 тамыз күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы жағдай бойынша мәлімдеме жасады.

«Ауғанстандағы жағдай бойынша күштік құрылымдардың басшыларымен жиын өткіздім. АИР-дағы азаматтарымыз бен дипломаттарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Қазақстан Ауғанстандағы жағдайдың ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Ахуал мұқият бақылауда» деп жазды Тоқаев Twitter-де.

Ауғанстанда АҚШ бастаған халықаралық коалиция күштері елден шығып жатқан тұста «Талибан» шабуылын үдетіп, ел аудандары мен қалаларын жаппай басып алып жатыр. 15 тамыз күні тәліптер елдің шығысындағы бас қала Жалалабадты өз бақылауына алды. Соның алдында ғана олар Мазари-Шарифті басып алған.

Енді үкімет бақылауында ірі қалалалардан жалғыз Кабул ғана қалды. Бүгін тәліптердің бұл қалаға да кіре бастағаны туралы ақпарат тарады. Содырлар қала аумағынан жан-жақтан кіріп жатыр деп хабарлады Ауғанстан ішкі істер министрлігі.

«Талибан» жорығы күшейген тұста Батыс елдері елшіліктері мен соларға қызмет еткен ауғандарды эвакуациялауды үдетті. АҚШ президенті Джо Байден эвакуцияны қауіпсіз жасау үшін Ауғанстанға бес мың сарбазын жолдап отыр. Оның алғашқы бөлігі Кабулға келіп үлгерді.

15 тамыз күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігі жұмыс істей беретінін мәлімдеді.

«Президент Әкімшілігі мен Сыртқы істер министрлігіне Ауғанстанға қатысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру тапсырылды. Кабулдағы Қазақстан елшілігі шағын құрамда жұмыс істеуде. Қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр» деді ол.

Источник

KAZAKBOL.COM
Вам также могут понравиться

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.

Уважаемые посетители KAZAKBOL.COM ! Оставляя комментарии, проявляйте уважение и терпимость к мнению других пользователей. Сообщений, приводящих к разжиганию конфликтов, расистских высказываний, провокаций, оскорблений и дискуссий, не относящихся к теме статьи будут удаляться. Ссылки на сторонние ресурсы в комментариях запрещены. Подобные сообщения будут удаляться, а их авторы будут забанены.Мы не несем ответственность за форму и характер выставляемых комментариев.

KAZAKBOL.COM