Ұлттық қауіпсіздік комитетінің екі қызметкері астанадағы тергеу изоляторында адам азаптады деген күдікпен екі айға қамауға алынды. Бұл туралы жергілікті «Информбюро» басылымы хабарлады.
25 қаңтарда Астананың ауданаралық арнайы тергеу соты подполковник Еркін Амановты, майор Хамит Әбдіғалиді, сонымен бірге ҰҚК шекара қызметінің тағы бір қызметкері Қайрат Сартайды екі ай қамауда ұстау туралы шешім шығарды. Сотқа дейінгі тергеудің басқа да мәліметі жарияланбады.
Бұның алдында Астанадағы тергеу изоляторында отырған күдіктілердің туыстары ҰҚК қызметкерлері қамаудағыларды бір жыл бойы азаптап келді деп мәлімдеген.
«Туыстарымыз 2021 жылғы 10 наурызда Семейде алтын кенінде ұрлық жасады деген күдікпен ұсталған. Тергеу изоляторында ҰҚК-нің «арнайы жертөлесі» — азаптау камералары бар екен. Куәлік етуден бас тартқандарды, жақпай қалғандардың бәрін сонда алып барады. Оларды тоғыз ай бойы азаптап, бір-біріне жала жаптыру арқылы істі қолдан жасағысы келген. Осының бәрі Астанадағы тергеу изоляторында болып жатыр, ҰҚК оларды азаптады, ішкі істер министрлігі, соған қарасты Қылмыстық жазаны атқару департаменті мен Қылмыстық жазаны атқару комитеті бәрін біліп отыр, бірақ ештеңе демейді. Істегі құзырлы орган — Өскемен прокуратурасындағылар да ештеңе білмегендей түр танытады», — дейді ұсталғандардың бірінің әпкесі Құралай Өмірбаева.
Қамаудағылардың туыстары азаптау оқиғасын 2022 жылғы ақпанда біліп, барлық инстанцияға арызданған. Бұған дейін олар карантинге байланысты туыстарымен кездесе алмай жүрген.
2022 жылғы 29 наурызда кісі азаптауға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Алайда, қамаудағылардың туыстарының айтуынша, сараптамалар мен куәгерлер бар екеніне қарамастан іс 10 ай бойы алға жылжымай қойған.
«Айуындықпен азаптаған. Олардың аузына су қайнатқыш тығып, оны тоққа қосқан. Резіңке тоқпақпен, таяқпен сабақпен, жұдырықтаған, наурызда үстіне мұздай су құйып, жалаңаяқ көшеге шығарған. Олардың тағы бір азаптау әдісі бар: 20 сағат қозғалмай тұруға мәжбүрлейді, қозғалып қойған адамды ұрады. Адамдар бірнеше тәулік бойы ұйықтай алмаған. Бұның бәрі куә алу қарсаңында жасалған. Адамдар қандай қағазға қол қойып жатқанын білмеген. Қабырғалары сынған, өкшесі мыжғыланған. Бір адамға ота жасалды. Оның құлақ қалқаны жарылып кеткен. Бәрінің миы шайқалған, денесін ісік басқан. Азаптаудан 46 адам зардап шегуші ретінде тіркелді, олардың арасында біздің 32 жігіт бар», — дейді Құралай Өмірбаева.
Оның айтуынша, 17 қаңтарда қамаудағылардың елу шақты туысы Астанадағы Бас прокуратура ғимараты алдында жеті сағат бойы тұрған, бірақ оларға ешкім шықпаған.
Азаптау туралы мақала жарияланғалы бері күдікке ілінген ҰҚК қызметкерлері немесе олардың өкілдері ешқандай пікір білдірмеді. Олармен байланыс орнату мүмкін болмай отыр.
KAZAKBOL.COM