Новости Казахстана, Новости России и мира,Обновляемая лента новостей

Өз-өзін ұсынған кандидаттар Инга Иманбай мен Мұхтар Тайжан сайлауды мойындамайтынын мәлімдеді

KAZAKBOL.COM

Мәжіліс және мәслихат сайлауына өзін-өзі ұсынған бірнеше кандидат 19 наурызда өткен кезектен тыс сайлауының нәтижесін мойындамайтынын айтып, сотқа шағымданатынын мәлімдеді.

20 наурызда Алматыдағы Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюрода баспасөз мәслихатын өткізген кандидаттар дауыс беру кезінде заң бұзу фактілері болғанын да айтты.

Мәжіліске өз-өзін ұсынған журналист, белсенді Инга Иманбай сайлауды мойындамайтынын мәлімдеді. Ол сайлауды қайта өткізуді талап етіп, сотқа шағымданатынын жеткізді. Инга Иманбай жиында «тәуелсіз кандидаттардың дауысы ұрланды» деп мәлімдеді.

— Басты мәлімдемеміз — біз бұл сайлаудың қорытындысын мойындамаймыз, сайлауды қайта өткізуді талап етеміз. Күні бойы түрлі заң бұзушылықтар болды. Урнаны жапты, үкімет өзі таңдаған адамдарға бюджет қызметкерлерін дауыс беруді сұрап, фотоесеп жібертіп жатты. Ең сорақысы дауыс санау кезінде басталды. Менің бақылаушыларымды дауыс санауға қатыстырмас үшін шығарып тастап отырды, полиция шақырды, қорқытты, — деді Иманбай.

Сайлауда Иманбайдың сенімді өкілі болған Құрманғазы Батырбек «бақылаушыларға қысым болғанын» айтады. «Дауыс санауды тоқтатып, бюллетеньдерді жинап тастады. Қайта санағанда бюллетень саны аз шықты» дейді Батырбек.

Алматыда мәслихат депутаттығына үміткер болған Равкат Мұхтаров сайлау нәтижелерін заңды деп мойындамайтынын айтты. Ол заңсыздықтарға анализ жасап, есеп шығарып, нәтижесін әлеуметтік желіде жариялайтынын жеткізді. Мұхтаровтың сөзінше, бұл Орталық сайлау комиссиясының, аумақтық сайлау комиссиясының шешіміне дау айтуға негіз болмақ.

«Сайлауға үмітпен бардым. Бірақ қателесіппін. Дегенмен әрі қарай да құқығымыз үшін күресеміз. Біз апелляциялық шағым түсіреміз» деді Мұхтаров.

Бүгін, 20 наурызда Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюрода сайлауға өз-өзін ұсынған кандидаттар Мұхтар Тайжан та баспасөз мәслихатын өткізіп, сайлауды мойындамайтынын мәлімдеді.

— Дауыс санау процесі заңсыз болды. Заң бойынша бақылаушылар 1,5 метрге дейін жақындауға құқылы, бірақ оларды жолатпады. Бюллетеньдегі белгілерді көретін мүмкіндігі болмады. Олар көрейінші дегенде полиция шақырды. Осы үшін арыз бердік, — деді Тайжан жиында.

19 наурызда Тайжан мен тағы бір жеке кандидат Санжар Боқаев сайлауды заңсыз деп тануды талап етіп, Алматыдағы әкімшілік сотқа шағым түсірген.

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметінше, елде 19 наурызда өткен кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауына сайлаушылардың 54,19 пайызы дауыс берген. Яғни сайлауға құқығы бар 12 миллион адамның 6,5 миллионы дауыс берген.

Тәуелсіз бақылаушылар сайлау күні заң бұзу фактілері тіркелгенін мәлімдеген. Олар учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері байқаушылардың жүріп-тұруын шектегенін, оларға видео түсіруге тыйым салғанын, кейбір сайлау учакесінде бақылаушыларды дауыс беретін орын көрінбейтін жерге отырғызып қойғанын мәлімдеді. Бақылаушылар мен телеграм каналдар бюллетеньді топтап салу, «карусель әдісімен» дауыс беру байқалатын видеолар жариялап жатыр

ОСК тәуелсіз бақылаушылар айтқан фактілерге қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

19 наурыз түнде мәжіліс сайлауының экзит-полл нәтижесі жарияланып, онда биліктегі «Аманат» партиясы 50 пайыздан аса дауыспен алда келеді.

Экзит-полл дайындаған үш ұйымның да нәтижелері бір-біріне өте ұқсас. Үшеуінде де «Аманат» сайлаушылардың жартысынан астамынан «қолдау тапқан». Екінші орында бұрын парламентке енбей келген «Ауыл» партиясы тұр. Сайлау қарсаңында ғана құрылған «Республика» партиясы өзін «парламенттегі оппозиция» деп атайтын «Ақ жолмен» кейде тең түскен, кейде тіпті одан да асып кеткен.

Қазақстан халық партиясы да парламентке өтуі мүмкін. Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның нәтижесі 5 пайыздық меженің ар жақ-бер жағында. Екі экзит-полл ЖСДП мәжіліске өтті десе, біреуінде межеге сәл жетпей қалған.

ОСК сайлаудың алдын ала ресми қорытындысы 20 наурызда жарияланатынын мәлімдеген.

Источник

KAZAKBOL.COM
Вам также могут понравиться

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.

Уважаемые посетители KAZAKBOL.COM ! Оставляя комментарии, проявляйте уважение и терпимость к мнению других пользователей. Сообщений, приводящих к разжиганию конфликтов, расистских высказываний, провокаций, оскорблений и дискуссий, не относящихся к теме статьи будут удаляться. Ссылки на сторонние ресурсы в комментариях запрещены. Подобные сообщения будут удаляться, а их авторы будут забанены.Мы не несем ответственность за форму и характер выставляемых комментариев.

KAZAKBOL.COM