Өзбекстанның Қашқадария облысында құқық қорғау органдары Касбий ауданында мұғалімнің сабалғанын тексеріп жатыр.
Ақпаратқа қарағанда, Чулкувар ауылындағы мектепте ағылшын тілінен сабақ беретін Лобар Эргашеваны оқушыларының бірінің туыстары 26 сәуірде сабап кеткен.
– Сол күні 2 сынып оқушыларына сабағым болды. Сабақ басталғанда артқы партада отырған балалар шулап, бұзықтық жасай бастады. Мен оларға ескерту жасадым. Олар мені тыңдамады. Сабағымды әрең аяқтадым. Одан кейін 1 сыныпқа сабақ өткізе бастадым. осы кезде мен ескерту жасаған баланың анасы сыныпқа кіріп келді. Ол менің әріптесім, бірге жұмыс істейміз. Менің жүкті екеніме қарамай, 1 сынып оқушыларының көзінше маған қол көтерді, — деді Лобар Эргашева.
Бойында жеті айлық баласы бар Лобар Эргашеваның жағдайын дәрігерлер бірқалыпты деп бағалады.
– Қолы көгерген. Баланың және өзінің өміріне қауіп жоқ, – деді Қашқадария облысындағы медициналық орталықтағы дәрігерлердің бірі.
Мектеп директоры Олимжон Нуриллаев бұл оқиға бойынша тексеру жүріп жатқанын хабарлады.
– Мұғалімнің оқушының бетінен екі рет шапалақтап ұрғаны белгілі болды. Жанжал сондықтан шыққан, – деді Нуриллаев.
Сәуір айының ортасында Қашқадария облысының Чиракчин ауданында тағы бір ағылшын тілі мұғалімі оқушысына «екі» деген баға қойғаны үшін сабалған.
KAZAKBOL.COM