Биыл ғана 5 процентке арзандаған қызмет келер жылы екі есе қымбаттауы мүмкін. Қоқыс жинап, өңдеумен айналысатындар осындай бастама көтеріп отыр. Шығын шаш етектен, ал келген табыс оны жаппақ түгілі, банкротқа итермелеп отыр деп зар илеуде. Екі есе өскен күннің өзінде жағдай уақытша ғана оңалады деп отыр. Бағасы еселеп өсуі мүмкін қызметті қай қаланың тұрғындары тұтынып? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Келер жылдың бірінші қаңтарынан бастап тариф барлық аймақтарда жоғарылайды деп күткен едік. Уәкілетті және жергілікті билік өкілдерінің жұмысы арқасында тариф өсімі емес, керісінше, төмендеуі болады».
«Журналистер жынына тиген» Жұманғарин тариф төмендеп, тұрғындар қарық болады деген сәттен бастап, әлі жыл да өткен жоқ. Бұрынғы ұлттық экономика вице-министрі қызметінен кетті. Тариф те бір орында қалмады. Елорданың қоқысын тазалап жүргендер қызмет құнын екі есе өсіруді сұрауда. Алдымен депутаттарды әңгімеге тарттық. Қоқыс қана емес, электр энергиясының да қымбаттағанын білдік.
УӘЛИХАН ҚАЙНАЗАРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Электроэнергия қымбаттап жатыр. Антимонопольный комитет қарау керек қой негізінде. Қаншалықты жаңағы ол есептелген. Дұрыс па, дұрыс емес пе? Әшейін бәрі көтеріледі дегенге ондай болмауы керек шығар. Бұл жерде қоқысты өңдеу ғой мәселе. Сонда ғой тұрған. Ол одан табыс табатын болса, құнын көтермеуі керек негізінде».
ЖАМБЫЛ АХМЕТБЕКОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Контейнерлерді ғана артып әкетеді де сол үшін контейнерге арқалап, өзі салып, оны апарғаны үшін екі есеге көтеру деген дұрыс емес. 10 есеге көтерсе де шешілмейді. Және халықтың мәдениетін, қоқыс тастау мәдениетін қалыптастыру үшін басқаша тағы деңгейде жұмыс жасаған дұрыс деп санаймын. Төмендетсе де, ол шешілмейді, жоғарылатса да шешілмейді. Қоқыс өңдейтін зауыттар тұрғызған дұрыс».
Бірнеше жыл бұрын тариф бекітілген кезде мына қоқысты іріктеу цехі болмаған. Цехпен бірге зауыт әкімшілігі қаржы құйып, бірқатар жаңа техника алыпты. Темірдің аты темір, екі-үш жылдан кейін бүлінуі мүмкін дейді. Егер тариф өспесе, оны жөндеуге ақша таппай қалуымыз мүмкін деп отыр.
8 жыл бұрын қоқыс шығару құны кісі басына шаққанда 259 теңге болып бекіген. Жыл басында 5 процент, яғни 13 теңгеге арзандаған. Осы аралықта бұған дейін тарифке енбеген қоқысты сұрыптау, қайта өңдеу қызметі қосылыпты. Шығынды ақтау үшін екі емес, үш есе өсіруді сұрадық дейді компаниядағылар.
ЖАСҰЛАН САЙҚАТОВ, «KAZRECYCLESERVICES» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:
«Шынын айтсақ, біз тарифті үш есе өсіруді сұрадық. Екі есе өсімнің өзі бізді құтқармайды. Тек құрдымға кету мерзімін шегереді. Сұрағанымыз орындалса, әлеуметтік наразылық тууы мүмкін еді. Бір жағынан салаға қызығушылық артады. Есептей келе тарифті 246 теңгеден 466 теңгеге дейін өсіруге дайынбыз деп шештік».
ДУСЛАН АХМЕТОВ, «CLEAN CITY NC» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:
«2011 жылдан бері тариф өзгерген жоқ. 8 жылда біз көптеп тұтынатын дизельдің жазғы маркасі екі есе, қысқы маркасі үш есе қымбаттады. Жалпы тариф 466 теңге болғанның өзінде тек 83 пайыз шығынымыз өтеледі».
Қызмет көрсетушілердің бұл қылығы біреуге жаққанымен, көпшілікке ұнай қоймады.
«Көтеру керек. Мусардың бәрі жатады. Қай жер болса, сонда. Сондай жағдай болса, істеуге болады. Көбісі анда-мында тастай береді. Енді олардың да финансы жетпейтін шығар».
«Дұрыс емес қой енді қымбаттағаны. Халықтың жағдайы жақсы емес қой төлейтіндей ондай. Екі есе қымбаттата беретін болса әрқайсысын».
«Мы против конечно! Олар негласно сколько поднимают до этого поднимали. А сейчас если обьявили… А почему? Зачем?».
Қоқыс өңдейтін зауыт жылына 1,5 млрд теңге табыс табады. Шығын одан да көп деп сендіруде. Оның үстіне тұрғындар 300 млн теңге қарыз дейді. Мейлі. Жағдайға қарап отырып, алдымен 13 теңгеге арзандатып, келер жылы екі есе өсіруді сұрағанға қарап, еріксіз езу тартасың. Бір қадам артқа шегініп, үш қадам алға жасаудың амалы секілді көрінеді.
KAZAKBOL.COM