Өзбекстанның Қырғызстандағы Сох анклавын негізгі аймақпен байланыстыратын Сох – Риштан жолындағы «Қайтпас» және «Өтүкчү» шекара бекеттері ашылды.
1 сәуірде өткен бекеттердің ресми ашылуына қырғыз үкіметінің Баткен облысындағы өкілі Өмүрбек Суваналиев, Өзбекстанның Ферғана облысының әкімі Хайрулло Бозоров, екі өлкенің күш органдарының өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.
Мәліметке қарағанда, бұдан әрі аталған бекеттер арқылы жолаушы автобустары және жаяу жүргіншілер күндіз өте алады. Әзірге жүк тасу көліктеріне рұқсат берілмеді.
Сох – Риштан жолы 2013 жылы Чарбак оқиғасынан кейін Қырғызстан жақтан бір тарапты жабылып қалған. Осыдан кейін Сох анклавының тұрғындары Өзбекстанның негізгі аймағына барып келу үшін 80 шақырымдай жол жүріп, Қырғызстанның Қызыл-Қия қаласына жақын орналасқан «Пүлгөн» шекара бекеті арқылы өтіп келді.
2019 жылдың қыркүйегінде жол бір сағатқа ғана ашылып, қайта жабылған.
Баткен облысының Қадамжай ауданында қырғыз-өзбек шекарасындағы «Өтүкчү» Сохқа кіре берістегі, ал «Қайтпас» Өзбекстанның негізгі аймағына кіретін бекет.
KAZAKBOL.COM