«Бутун Кыргызстан» партиясының белсендісі Орозайым Нарматова билікті күшпен басып алуға үндеді деген күдікке ілінді. Бұл туралы «Азаттыкқа» оның адвокаты Сейитбек Довлотов хабарлады.
«Нарматовамен телефонмен сөйлесіп үлгердім. Оны билікті күшпен басып алуға үндеді деп айыптап жатыр. Ош милициясының тергеушілерінен сұрасам, олар тапсырма Бішкектен түсті дейді. Кеше Бішкектегі 1-май аудандық соты Орозайымды тексеруге рұқсат берген», — дейді адвокат.
Бұған дейін мәлім болғандай, 10 қыркүйекте таңертең белсенді Орозайым Нарматова Ош әуежайында ұсталды. «Бутун Кыргызстан» партиясының Ош облысындағы өкілі Замир Шамшидин уулуның айтуынша, тергеушілер Нарматованы Бішкекке алып кеткен.
Қырғызстан ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мәскеудегі «Мен макулмун» және «Менин укугум бар» қоғамдық қозғалыстарының жетекшісі, «Бутун Кыргызстан» партиясының мүшесі Орозайым Нарматова бірнеше жыл бойы Ресейде еңбек миграциясында жүрген, сонда түрлі жиналыстар мен конференциялар ұйымдастырған.
«Аталған жиналыстарда Нарматова елдің саяси басшылығын үнемі сынап, еңбек мигранттары мен қырғыз азаматтары арасында наразылық тудыруға талпынған», — делінген министрлік мәліметінде.
Бірнеше күн бұрын Нарматова Қырғызстанға жақын танысының жерлеуге келді. Ол Ош әуежайы арқылы Ресейге ұшпақ болды.
2020 жылғы парламент сайлауы кезінде Нарматова «Бутун Кыргызстан» партиясының тізімінде алғашқы ондықта болды. Оған дейін белсенді Садыр Жапаровты жақтап жүрген, бірақ саясаткер билікке келген соң оның саясатын сынай бастаған.
Қырғызстанда бірнеше саясаткер белсенді қыздың ұсталуын сынап, Нарматованы босатуды биліктен талап етті.
KAZAKBOL.COM