Тәжік-қырғыз шекарасында, Баткен ауданының Кум-Мазар елді мекенінде тағы атыс болды.
Қырғызстанның шекара қызметінің мәліметінше, 24 шілдеде шекара аймағындағы тәжік ауылының тұрғындары қырғыз тараппен келісімге келместен, аймақты құмнан тазарту жұмыстарын жүргізген. Оқиға орнына қырғызстандық шекарашылар барған. Олардың жұмысты тоқтатыңдар деген талабына тәжік тарабы бағынбаған.
«Тәжікстан азаматтары қырғыз шекарашыларын ұрмақшы болды. Әрі қарай екі тарап арасында кикілжің басталған, тас лақтырылды. Оқ атылды. Бірақ ешкім зардап шекпеген», — деп хабарлайды қырғыз шекара қызметі.
Ал тәжік ауылының тұрғындары болса, оқты қырғыз шекарашылары атты дейді. Чоркух әкімшілігі атыс кезінде 19 жастағы тәжік шекарашы жараланды деп мәлімдеді. Оны ауруханаға алып кеткен.
Тәжік-қырғыз шекарасының қашықтығы 970 шақырым. Бүгінгі күні оның тек 519 шақырымы ғана бекітілген. Бұдан бөлек Қырғызстан аумағында екі тәжік анклавы бар. Осы аймақта жиі жанжал болып тұрады. Тұрғындар су, жер үшін жиі кикілжіңге барады.
KAZAKBOL.COM