4 шілдеге қараған түні Қырғызстанның №73809 әскери бөлімшесінде бір сарбаз қайтыс болды. Бұл жөнінде елдің қорғаныс министрлігі хабарлады.
Мекеме мәліметінше, 2000 жылы туған қатардағы жауынгер күзетте тұрған кезде, қолындағы қаруын байқаусызда басып қалып, алған жарақатынан қайтыс болған.
Істі тексеру үшін арнайы комиссия құрылған. Сонымен бірге әскери прокуратура да тергеуді бастаған.
Kaktus.media басылымының жазуынша, сарбаз биыл мамыр айында әскери қызметін өтеуге кеткен екен. Марқұмның туыстары әскери бөлімше өлім себептері жайлы ешқандай мәлімет бермей жатыр дейді.
Марқұмның әпкесі Индира Рысалиеваның айтуынша, сарбаз 4 шілдеге қараған түні анасымен сөйлескен. Ол әлденеге алаңдаулы болған. «2 сағат өткеннен кейін қайғылы оқиға болды. Куәгерлердің айтуынша, денесінде екі оқтың ізі бар. Байқаусызда болған оқиға деп айту қиын», — дейді ол.
KAZAKBOL.COM