Өзбекстан мен Қырғызстан өз азаматтары үшін шекарадан өту тәртібін жеңілдетуге келісті. Бұл туралы ӨзА агенттігі хабарлады.
Азаматтардың екі ел арасындағы сапарлары туралы 2006 жылғы қазанда қабылданған үкіметаралық келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің Қырғызстанға сапары кезінде 27 қаңтарда Бішкекте осы құжатқа толықтыру енгізуді қарастыратын хаттамалар алмастырылды.
Енді Өзбекстан азаматтары паспортсыз, ID-картамен ғана Қырғызстанға бара алады. Қырғызстандықтар да дәл осындай тәртіппен Өзбекстанға кіреді.
Шекарадан өткен азаматтар туралы мәлімет электронды түрде тіркеледі, сол себепті паспортқа штамп басу қажет болмайды.
Мұндай тәртіп шекарадан өтетін көліктің барлық түріне — ұшаққа, пойызға, автокөлікке, автобусқа жүреді. Заң екі ел бекіткеннен кейін ғана күшіне енеді. Мұндай жұмысқа екі ай уақыт кетуі мүмкін.
ӨзА мәліметінше, Қырғызстан Өзбекстан шекарасынан ID-картаның көмегімен өту тәртібі қолданылатын алғашқы ел атанды.
KAZAKBOL.COM