Өзбекстан бас прокуратурасы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университеті студентін зорлауға талпыну оқиғасын тексеріп жатқанын хабарлады.
ІІМ баспасөз хатшысы Шохрух Гиясовтың хабарлауынша, студент қызды зорлағысы келген декан орынбасарынынң үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ол 23 қазанда ұсталды.
Nemolchi.uz порталының мәліметінше, «20 жастағы студент декан орынбасарына байқауға қатысу үшін мінездеме мен рецензия алуға барған уақытта, ол қызды зорлауға әрекет жасаған. Студент бұған көнбеген соң декан орынбасары оны екінші қабаттың терезесінен лақтырып жіберген».
Ауруханаға түскен қыздың миы шайқалып, бірнеше сүйегі сынған.
Өзбекстан президентінің үлкен қызы Саида Мирзияева «студент қыздар жиі тап болатын харрасмент мәселесі елдегі жоғары оқу орындарында күрделі мәселеге айналды» деп жазды.
Әлеуметтік желілердегі жазбасында Мирзияев «педагогикалық университет студентінің бұл қайғысы — мәселенің бір ұшы ғана» деген.
Өзбекстанда зорлық ең өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Алайда республикада қыздар мен әйелдерге жасалатын зорлық әрекетіне қатысты ресми статистика әлі күнге дейін жоқ.
Мамандардың пікірінше, зорлық құрбаны болған өзбек қыздары мен әйелдері қоғам сынына ұшыраудан қорқып, көп жағдайда мұндай әрекетті жасыруға тырысады.
Ташкенттегі университетте болған оқиғадан соң Өзбекстанның халық білімі министрлігі «1006» арнайы сенім телефонын қосты.
Әйелдердің қауіпсіздігіне арналған индексте Өзбекстан 170 елдің ішінде 74-орын алған.
KAZAKBOL.COM