10 мамырда Сурхандария облысының Музрабат аудандық соты блогер Отабек Сатториді 6,5 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Өзбекстанның Жоғарғы соты хабарлады. Саттори соңғы сөзінде соттан өзін босатуды сұраған.
Сот Отабек Сатториді «Бопсалап, ірі көлемде ақша талап ету», «Жала жабу» баптары бойынша айыпты деп таныған.
Осыған дейін прокурор оған 11 жыл түрме жазасын сұраған.
Блогердің адвокаты үкім әділетсіз екенін, жоғарғы инстанцияға шағымданатынын айтты.
Telegram және YouTube каналдары арқылы «Халық пікірі» деген видеоблог жүргізетін 40 жастағы Саттори жергілікті билік өкілдерін сынап жүргенімен танымал. Ол 30 қаңтарда Термез қаласында бопсалап ақша талап етті деген күдікпен ұсталған. Наурыз айында блогерге «Жала жабу», «Кемсіту» баптары бойынша жаңа айыптар тағылғанын хабарлаған.
Осыған дейін бірқатар халықаралық ұйымдар Отабек Сатториді бостандыққа шығаруды талап еткен. Олар блогерге қарсы қылмыстық істер коррупциялық көріністерді жасыру мақсатында ойдан шығарылған деп есептейді.
KAZAKBOL.COM