18 жасында 70 жастағы шалға 5 бала тауып берген келіншек көмекке зәру. 23 немере, 16 шөбере көрген ақсақалдың тоқалы үйі өртеніп кеткеннен кейін 5 баласымен далада қалған деп хабарлайды өңірден NUR.KZ тілшісі.
Көмекке зәру ақтөбелік келіншек. Фото: NUR.KZ
Ақтөбеде «Сүт зауыты» ауданындағы саяжайлардың бірін паналап жүрген Галина Новикова көпшіліктен көмек сұрайды. 5 баласымен далада қалған келіншек төрт күннен бері көршісінің үйіне қонып жүр. Балалар үйінде тәрбиеленген Галина жағдайын жылап отырып айтып берді. Жетімдер үйінен шыққаннан кейін ол 18 жасында далада қалып, 70 жастағы қарияның қолынан ұстаған. Әйелі, 9 баласы, 23 немересі, 16 шөбере көрген ақсақал жетім қызды тоқалдыққа алаған. Келіншек күйеуінің немересімен қатар екенін де жасырған жоқ.
Көмекке зәру ақтөбелік келіншек балаларымен. Фото: NUR.KZ
«Ата-анам тастап кеткен, балалар үйінде тәрбиелендім. Біз 18 жасқа толғаннан кейін далада қаламыз. Көшеде қаңғып қалғанымда құжатымды жоғалтып алдым. Саябақта жылап жүргенімде ол кісі мені үйіне ертіп алып келді. Менің барлық құжаттарымды жасауға көмектесті. Ол маған үнемі көмектесті, біз жақын болып кеттік», — дейді келіншек.
Өмірінде көрмеген мейірімді ақсақалдан сезінген ол ілтипатын махаббатқа айналдырған.
Көмекке зәру ақтөбелік келіншектің 70-тегі жұбайы. Фото: NUR.KZ
«Жолдасым 1934 жылғы Бақытқали Мақаев. Біз танысқан кезде менің жасым 18- де, ол 70-тен асқан болатын. Ол менің өмірімдегі алғашқы ер адам болды. Мен ол кісімен танысқаныма, бірге тұрғаныма өкінбеймін. Ол адамды маған Алланың өзі жіберген шығар. Тірі болғанда жолдасым 83 жасқа толар еді. Төрт ұл, бір қыз туып бердім. Балаларымның бәрі жолдасымның тегінде. Он жыл бірге тұрдық. Мен ол кісіні қатты сыйлаймын. Маған әке де, шеше де, арқа сүйер ер адамым да бола білді», — дейді ол көзінің жасын сүртіп.
Мақаев Бақытқали Махмұтұлы 70 жасында алған екінші әйелімен заңды некеге тұрмаған. Балаларына тегін беріп, азаматтық некеде болған. Кішкентай балалар тек қазақша ғана түсінеді. Үлкендері қазақ мектептерінде оқиды. Үлкен баласы Қауаныш 9 жаста, қызы Мира 8 жаста, Қуанды 6 жаста, Бақтияр 3 жаста, кішісі Әділет 2 жастан асқан.
Көмекке зәру ақтөбелік келіншек балаларымен. Фото: NUR.KZ
«Үлкен балам 9 жаста, мүгедектігі бар. Талмасы ұстап, қалтырып кетеді. Оған сабақты үйден келіп оқытады. Жолдасым тірі болған кезінде Астанаға апарып, өзі айлап жатып емдетіп жүрді. Ол кісі бірінші әйелімен заңды некесін бұзған жоқ. Одан 9 баласы бар. Балаларының бәрі үлкен. Әрқайсысының өз отбасы бар. Олардан 23 немере, 16 шөбере көрген. Мен ол кісінің үлкен немересімен қатармын. Алғашқыда менімен қосылған кезде ол кісіге қиын болды. Балаларымен, әйелімен байлынысын үзгісі келген жоқ», — дейді Галина Новикова.
Келіншек бірінші баласына жүкті болып қалған кезде ақсақалдың отбасын бұзбау үшін одан қашып кетеді.
Көмекке зәру ақтөбелік келіншектің балалары. Фото: NUR.KZ
«Бірінші баламыз туғаннан кейін бәрі көніп, айқай-шу басылды. Бірінші балаға аяғым ауыр болған кезде пәтер жалдап тұрдым. Оның отбасын бұзуға қорқып, көрінбей кетіп қалған болатынмын. Бірақ, ол адам мені өзі іздеп тауып алды. Базардың қасында жалдап тұратын пәтеріме келді. Ол үйге әр күн сайын тұрғаным үшін 250 теңге төлеуім керек болды. Менде ондай ақша болған жоқ. Пәтер иесі менің жағдайымды түсініп қабылдады. Оның үйінің, еденін, кірін, ыдыстарын жуып, үй қызметшісі ретінде жұмыс жасадым. «Дед» мені тауып алғаннан кейін пәтер ақысын өзі төлей бастады. Баламыз туғаннан кейін ол мені кіші қызының саяжайына әкеліп, сол жерде бірге тұрдық. Отбасылық өміріміз осы жерде, баламыздың өмірге келуімен басталды. Бірінші әйелі қазір үлкен әже», — дейді ол.
Әйел жолдасын «дед» деп атап кеткен. Сексенбайларды өмірге әкелген ақсақал 80 жастан асқан кезде биылғы қыста тоқалының қолында көз жұмды. Келіншектің жолдасы тастап кеткен саяжайы өртке оранып, балаларымен қаңғып жүр. Өрт оқиғасы өткен аптада жұмаға қараған түні тіркелген. Келіншек көршілерінен еңбектеп жүріп көмек сұрағанын айтады.
Ақтөбелік келіншектің өртеніп кеткен үйі. Фото: NUR.KZ
«Өрт болған кезде ұйықтап жаттым. Мені 2 жастағы балам оятты. Ол ұйықтамай, ағасымен ойнап отырған еді. «Мама, бүжай» деп жылай береді. Үй жылы болып кетті. Пеш жақсы жанып жатыр екен деп ұйқылы ояу балаларымды жатқызуға тырыстым. Үлкені «мама, пеш салқын» деп ұстап көрді. Жатқан жерімізде жарық жоқ болатын. Оларға шаршағанымды айтып, жатыңдар деп ұрыстым. Қорқып қалған шығар деп ұйықтатуға тырысқанымда кіші балам есікті көрсетіп, жылай берді. Онда ешкімнің жоқ екенін көрсету үшін есікті ашып қалғанымда түтін ішке лап берді. Бірден есікті жаптым. Қараңғы бөлмеде ұйықтап қалғандарын оятып, келесі бөлмеге сүйредім. Есіктен шыға алмайтынымды білген соң, жанталасып, терезені сындырып балаларымды киімсіз далаға лақтырдым. Өйткені үйдің ішінің бәрін түтін алып кетті. Демала алмай қалдық», — дейді Галина.
Ақтөбелік келіншектің өртеніп кеткен үйі. Фото: NUR.KZ
Ол сарай секілді етіп салынған үйдің терезесіне балаларын сыйғыза алмай, қырымен кіргізіп лақтырған. Балаларымен бірге өзі де сыртқа шыққаннан кейін көмек сұрап көршілеріне жүгірген.
Аақтөбелік келіншектің өртеніп кеткен үйі. Фото: NUR.KZ
«Үйге кіріп тұрған су жоқ. Екі сағаттық жерден тасып ішіп жүргенбіз. Өртті немен сөндірерімді білмедім. Үйде газ балоны болғаннан кейін көршілерім де жақындауға қорықты», — дейді ол.
Ақтөбелік келіншектің өртеніп кеткен үйі. Фото: NUR.KZ
30 жасқа енді толған келіншектің жұмысы да жоқ. Балаларының жәрдемақысымен күн көріп отыр. Айтуынша, көрші тұратын күйеуінің кіші қызы бір аптаға ғана тұруға рұқсат берген. Кішкентай екі баласымен сол үйде тұрып жатыр. Қалған үш баласын жолдасының туыстары жуындырып беру үшін алып кеткен. Келіншектің жағдайымен жергілікті әкімдік қызметкерлері де таныс.
«Отбасының жағдайымен танысып қайттым. Әйел мемлекеттен тиесілі жәрдемақысын алып отыр. Олар әзірге көршісімен тұрып жатыр. Комиссия құрып, материалдық көмек туралы қараймыз. Үйді кезекпен ғана ала алады», — дейді Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және бағдарламалар бөлімінің басшысы Нәйлә Бөртебаева.
Көмекке зәру ақтөбелік келіншек балаларымен. Фото: NUR.KZ
18 жасында 70 жастағы шалға тоқалдыққа тиген келіншек қандай да бір көмекке де зәру. Оған ақтөбеліктер тамақ пен киім тасып жатыр. Олардың барлық құжаттары өртеніп кеткен.
Көмектесем дейтін жандар үшін Галина Новикованың байланыс нөмері: 8707 801 86 29
KAZAKBOL.COM