Еліміздің маңызды оқиғасынан шет қалмай, өз таңдауын жасауға келген қала тұрғындарының көңіл-күйі көтеріңкі.
Алматыда Парламент Мәжілісі мен қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлерге дауыс беру басталды. Бүгін қаладағы учаскелер ашылмай жатып, өз таңдауын жасауға келген алматылықтар қарасы қалың болды, деп хабарлайды BNews.kz.
Еліміздің маңызды оқиғасынан шет қалмай, өз таңдауын жасауға келген қала тұрғындарының көңіл-күйі көтеріңкі. Сайлау учаскесіне жиналғандардың көбісі бала-шағасын ерте келген. Мәселен, Ульяничьтер отбасы үшін сайлауға қатысу отбасылық дәстүрге айналыпты. Сайлау учаскесі ашылмай тұрып келуді әдетке айналдырған апалы-сіңлілердің қасында 90 жастағы аналары да бар.
«Сайлауға алғашқылардың бірі болып келу әдетке айналды. Біздің ата-анамыз үнемі ерте дауыс беретін, қазір бұл дәстүрді біз жалғастырып келеміз. Анамыздың күш-қуаты бойында әлі, бізден қалыспайды», — дейді апалы-сіңлілі Светлана мен Любовь Ульяничтер.
Таңертең ерте дауыс беруге келген сайлаушылардың қатарында қариялардан бөлек, жастар да бар. 29 жастағы кәсіпкер Қанат Асылбеков осыған дейін өткен барлық сайлауға қатыспағанымен, осы жолы таңдауын жасауға бел байлаған.
«Ел алдында өз парызымды өтеу үшін, елімнің ертеңі үшін дауыс беруге келдім. Сайлауға өте сирек қатысамын, алайда бүгін тарихи оқиғадан қалыс қалмауды жөн көрдім», — дейді жас жігіт.
Әйтсе де 372 сайлау учаскесінің ең құрметті қонағы бұрынғы премьер-министр, Алматының құрметті азаматы Терещенко Сергей Александрович болды. Сайлауға өзге жұрттан ерте келіп, дауыс беру ол үшін де отбасылық дәстүрге айналған екен.
Фото:today.kz
KAZAKBOL.COM