Ереванда жексенбі күні демонстранттар мен полиция қақтығысынан кейін, ауруханаға 15 адам жеткізілді. Оппозиция лидері әрі парламент депутаты Никол Пашинян ұсталғаннан кейін, оның әйелі премьер-министр Серж Саргсянның тез арада отставкаға кетуін талап етті.
Он күнге жуықтаған ереуіл кезінде жүздеген адам ұсталған. 20 сәуірде Еревандағы Республика алаңындағы митингте сөз сөйлеген Пашинян билікпен келіссөз жүргізуден бас тартқан. Наразылар елдің жаңа премьер-министрі Серж Саргсянның биліктен кетуін талап етеді. 22 сәуірде Саргсян мен Пашинян келіссөз жүргізу үшін кездескен. Бірақ кездесу еш нәтиже бермеді. 21 сәуірде ел президенті Армен Саркисян наразылармен кездесіп, тарауға шақырған.
Ондаған жыл ел басқарған Саргсян президенттіктен кетер алдында билікке оралмайтынын айтқан. Кейін Армения конституциясы өзгертіліп, ел парламенттік басқару жүйесіне өткен. Елдегі билік премьер-министр қолына тиді. Оппозиция «Саргсян билікті басып алды» деп айыптайды.
KAZAKBOL.COM