Көрнекі фото: blognews
Данияның полиция қызметі елдің оңтүстігіндегі Обенро қаласында болған жантүршігерлік оқиға жөнінде хабарлады.
Сириялық босқындар тұрып жатқан үйлердің бірінен үш адамның — әйел мен оның екі баласының денелері табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат newsru.com сайтына сілтеме жасап.
Хабарланғандай, олардың мәйіттері мұздатқыш камерасында болған.
Марқұм әйелдің туыстары онымен бірнеше күн бойы хабарласа алмағандығын айтқаннан кейін, полицейлер 30 қазан күні оқиға болған үйге тінту жүргізуге келген.
27 жастағы босқын әйел мен оның 7 және 9 жастағы қыз балалары өлтірілгендігі анықталды. Қылмысты кім жасағаны белгісіз, тергеу жұмыстары жүруде.
Хабарланғандай, олар Данияға 2015 жылы отағасымен бірге бас сауғалап келген, қазір оның қайда екені белгісіз. Отбасы мүшелері Данияда босқындар мәртебесін алған. Өзге мәліметтер айтылмаған.
БАҚ ақпараттарына сәйкес, өткен жылы Дания 21 мың босқынды қабылдады. Ал 2016 жылдың басында Германиямен шекарада бақылауды күшейткеннен кейін елге ағылған босқындар саны күрт азайды.
KAZAKBOL.COM