Ауғанстанның Da Afghanistan Breshna Sherkat энергетика компаниясы Өзбекстанға 2021 жылы алған 2 151,3 млн кВт·с электр қуаты үшін берешегін толық өтеді. Бұл туралы Өзбекстан энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, «Өзбекстан ұлттық электр желілері» компаниясы мен Da Afghanistan Breshna Sherkat компаниясы арасында жасалған келесімге сәйкес, Өзбекстан биыл Ауғанстанға 2 210,0 млн кВт·с электр қуатын жеткізеді.
Биыл мамыр айында Ауғанстан энергетика және су ресурстары министрлігінің өкілі Ахтар Мұхаммад Нусрат Кабул Өзбекстан мен Тәжікстаннан электр қуатын алғаны үшін кем дегенде 100 миллион доллар қарыз екенін айтқан. Шенеунік берешектің көбейіп кетуін Орталық Азия елдеріндегі банктерге ақша аудару Украинадағы соғысқа байланысты қиындап кетуімен түсіндірген.
Өзбекстан энергетика министрлігінің 1 тамызда таратқан мәліметінде бұл мәселе қалай шешілгені туралы ештеңе айтылмаған.
KAZAKBOL.COM