Австрия канцлері Карл Нехаммер мен Ресей президенті Владимир Путиннің келіссөзі аяқталды. Кездесу шамамен бір жарым сағатқа созылды. Олар Мәскеу түбіндегі Ново-Огареве елді мекеніндегі президент резиденциясында кездесті.
Карл Нехаммердің мәлімдеуінше, ол Владимир Путинге «Украинадағы соғыс тез арада аяқталуы тиіс» екенін, «Украинада адамдар осылайша қырыла берсе», онда Ресей қарсы санкциялар да қатая түсетінін айтқан.
Австрия канцлері бұл кездесуді «өте қатаң» және «өте ашық» деп сипаттады. «Бұл — достық сапар емес», – деп мәлімдеді канцлер. Ол Мәскеуге сапарын «міндеті» деп санайды.
Австриядағы Kronen Zeitung басылымының хабарлауынша, кездесу кезінде Нехаммердің өтінішімен қол алысу, ортақ суретке түсу болмаған. Мұндай шара «Ресейдің үгіт-насихат мақсатында пайдалануына жол бермеу» мақсатында қолданылған.
Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков келіссөздер басталмай тұрып-ақ Ресей тарапы жүздесу нәтижелеріне қатысты мәлімдеме таратпайтынын ескерткен.
9 сәуірде Нехаммер Киевте Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Канцлер Ресейдің агрессиясын айыптап, Киевке саяси және гуманитарлық қолдау көрсетуге уәде берді.
Австрия – бейтарап ел, НАТО-ға мүше емес, ол Украинаға қару-жарақ жеткізумен айналыспайды.
KAZAKBOL.COM