Амур газ өңдеу зауытында 22 қарашада қазақ және қырғыз жұмысшылары жаппай төбелесіп қалды. Бұл туралы AmurNews.ru сайты хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал тұрмыстық келіспеушіліктен шыққан. Бір жұмысшы аурухананың жансақтау бөліміне түскен. Әлеуметтік желілерде төбелес видеосы жарияланды. Оны svbnews инстаграм-пабликі жариялаған.
«22 қарашада CPECC және Yamata компанияларының зауыт маңында орналасқан уақытша тұрақтарында төбелес болды. Yamata қызметкерлері — Қазақстан тумалары қырғыздармен келіспей қалған. Төбелес салдарынан компанияның бір қызметкері аурухананың жансақтау бөліміне түскен, тағы біреуінің басына тас тиген», — деп жазды паблик әкімшілігі.
Амур облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі ақпаратты растады, деп жазды 2х2.su басылымы. Полиция төбелес кезінде 18 жастағы жігіт ауыр жарақаттағанын растаған. Қылмыстық іс қозғалды. 22 жастағы бір жұмысшы ұсталған. Оны тергеу абақтысына отырғызған.
Бұған қоса кәсіпорынның 19 жастағы жұмысшысы жараланған. Оған байланысты «Ұру немесе басқа да зорлық әрекет көрсету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу жүріп жатыр.
KAZAKBOL.COM