Новости Казахстана, Новости России и мира,Обновляемая лента новостей

«БЕК ЭЙР» ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ НАШАР


«Бек Эйр» әуе компаниясының жағдайы мүшкіл. Қанағаттандырмайды. Әуе апатынан кейін тексеруге кіріскен азаматтық авиция комитеті осындай байламға келді. Ресми органның мәліметіне қарағанда компаниядағылар бір ұшақтың қосалқы бөлшегін өзгесіне алмастырып, жыртығын жамаған. Бұған да жолаушы тасымалдаушы мекеме жауап тауып, ғаламторда айтысып жатыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Бір ай бұрынғы апат әлі есте. Алматыдан елордаға беттеген ұшақ құлап, Бек Эйр компаниясының қызметі уақытша тоқтады. Жан-жақты тексеру жұмыстары басталып кетті. Алғашқы нәтижелер де бар. Жалпы ғаламтор беттерінде айыптаушы мен айыпталушы тарап арасындағы сот процессі жүріп жатқандай әсер қалдырады. Азаматтық авиация комитетінің мамандары компания жұмысынан бірқатар кінәрат тауып, жалпыға жария етті. Бір қызығы, қосалқы бөлшектер бір ұшақтан алынып, екінші ұшаққа қойылып келген екен.

АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ТАРАТҚАН АҚПАРАТЫНАН ҮЗІНДІ:
«Ұшу жарамдылығының екінші негізгі проблемасы бір ұшақтан екіншісіне агрегаттардың ауысуының елеулі саны, сондай-ақ оларды басқару үшін қажетті бақылаудың жоқтығы болып отыр. Бұл процесс тиісті түрде бақыланбайды, сондықтан авиакомпанияның әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі мәселелер одан әрі зерттеуді талап етеді».

Бұған да компания жауап тапты. Өздерінің сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, Фоккер ұшақтары үшін бұл қалыпты құбылыс екен. Оған кінәлі кеденшілер, дейді.

«BEK AIR» ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНЫҢ АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМАСЫНАН ҮЗІНДІ:
«Қолданыстағы ұшақтарды унификациялау арқасында бір әуе кемесінің агрегаттарын екінші ұшаққа қойып, кейін қайтаруға мүмкіндік береді. Мұндай операцияларға тыйым салынбайды. Оның үстіне бұл әрекет мәжбүрлі түрде жасалды. Өйткені, шетелден тапсырыс арқылы әкелініп жатқан қосалқы бөлшектеріміз кедендік рәсімдеуге келгенде тұрып қалады. Бұл ұшақтарды қолдануға мүмкіндік бермейді. Бұл ақпаратты тексеруші органға бердік».

Тілші: Осы оқиға жайлы түсінік берер сарапшыны елден ұзақ іздедік. Бірінің қолы бос емес, бірі бас тартты. Ақыр аяғы Мәскеуден таптық. Тәуелсіз техникалық сарапшы Юрий Антипов «әдетте тексеруші органдардан мін іздеуші едім, осы жолы қос қолдап қолдаймын» деп отыр.

ЮРИЙ АНТИПОВ, ТӘУЕЛСІЗ САРАПШЫ:
«Бұлай жасауға болмайды. Қолданыстағы агрегаттың өзге ұшаққа қойылуы талаптың өрескел бұзылуы деген сөз. Мәселен, сіз көлігіңізді жөндетесіз. Қажетті қосалқы бөлшек жоқ, басқа көлікте қолданылып жатқанын қойып берейін десе, сіз келіспейсіз ғой. Ол көлік. Ал мұнда ұшақ туралы әңгіме жүріп жатыр. Ақылға сыймайды ғой».

Табылған кінәрат тек бұл емес. Жетіп артылады. Оқиғаға байланысты деректерді ақтарып отырып, мына бір сұхбатқа көзіміз түсті. Компанияға ұшуға рұқсат беретін сертификатты Азаматтық авиция комитеті небары 8 ай бұрын берген. Онысы әлі 1,5 жылға жарамды. Сол кезде ай қарады ма деген сұрақ еріксіз туындайды.
СЕМЕН АУШЕВ, «БЕК ЭЙР» ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНЫҢ КЕПІЛДІК ЖӘНЕ ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫ ЖӨНІНДЕГІ МЕНЕДЖЕРІ:
«Ұшуға жарамдылық жөніндегі сертификат 2019 жылдың 22 мамырында Азаматтық авиация комитетімен берілген. Онда кезіндегі төраға орынбасары міндетін атқарушы Тоты Амированың қолы қойылған. Мұндай сертификат инспекторлардың мұқият тексеруінен соң ғана беріледі. Техникалық жағдайы, құжаттар толыққанды зерттеледі».

Ал, ресейлік сарапшы біздегі тексерудің алғашқы нәтижелеріне қарап, нақты себептің табыларына күмән келтіріп отыр. Сөзінше, тергеу жұмыстарын тек отандық мамандар жүргізуі керек.

ЮРИЙ АНТИПОВ, ТӘУЕЛСІЗ САРАПШЫ:
«Борт командирі соңына дейін, тым құрығанда, жанындағы екінші пилоттың өмірін сақтап қалуға әрекет жасаған секілді. Кінә соған артылуы мүмкін. Қазіргі тергеу соған келе жатқанға ұқсайды. Меніңше, тексеруге Мемлекетаралық авиациялық комитет пен Фоккер мамандарын мүлде жолатпау керек. Қазақстанның өзі нақты себептерді анықтауға мүдделі болса, өздері тергеуі керек деп санаймын. Жақында ғана Иран сондай қадам жасап, әлемнің көзін ашты емес пе».

4 жыл бұрын дәл осы «Бек Эйр» компаниясына қатысты дауды ұмытпаған боларсыз. Астана әуежайына қонған ұшақтың алдыңғы шассиі ашылмай, командирі ерлік көрсеткен еді. Сол кезде мекемеге Нұрлан Жұмасұлтанов төрағалық етті. Біраздан кейін қызметін ауыстырып, авиациялық апаттарды тергеу басқармасына кеткен еді. Араға уақыт салып, «Бек Эйрге» тағы оралды. Тағы апат. Кездейсоқтық шығар. Бірақ осы жолы ешкімді жерде қалдырмаймын деп еді өзі.

НҰРЛАН ЖҰМАСҰЛТАНОВ, «BEK AIR» ӘУЕКОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
» Я своих парней в обиду не дам. Я сам за них отсижу. Но из них, из моих подчиненных никто не будет сидеть!».

Марқұм ұшқышқа бәрін жауып тастаса, әлбетте ешкім түрмеге отырмайды ғой. Онысын қойшы, әуе тасымалының қауіпсіздігі не болмақ? Сол сұрақ бәрінен маңызды болып тұр қазір.

Первый канал Евразия

KAZAKBOL.COM
Вам также могут понравиться

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.

Уважаемые посетители KAZAKBOL.COM ! Оставляя комментарии, проявляйте уважение и терпимость к мнению других пользователей. Сообщений, приводящих к разжиганию конфликтов, расистских высказываний, провокаций, оскорблений и дискуссий, не относящихся к теме статьи будут удаляться. Ссылки на сторонние ресурсы в комментариях запрещены. Подобные сообщения будут удаляться, а их авторы будут забанены.Мы не несем ответственность за форму и характер выставляемых комментариев.

KAZAKBOL.COM