Новости Казахстана, Новости России и мира,Обновляемая лента новостей

Әбенов: «Террористер тізімінен» қайта-қайта қате шығып жатса, өлім жазасын қалай енгіземіз?

KAZAKBOL.COM

Белсенді Мұрат Әбенов «террористер тізімінен» қайта-қайта қате шығып жатқанда, өлім жазасына келгенде үзілді-кесілді қадамға баруға болмайтынын айтты.

«Ақтөбеде болған жағдайдан кейін өлім жазасын қайта еңгізу туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Құқық қорғау органдары террористердің тізімінде қайта-қайта қателіктер анықталып жатқанда ондай үзілді-кесілді қадамға баруға болмайды. Жазықсыз адамдар өлім жазасына тартылса, ол «қатені» түзету мүмкін емес. Ол бүкіл қоғамның мойындағы ауыр күнә болып қалады», — деп жазды Мұрат Әбенов желідегі парақшасында.

Еске сала кетсек, бұған дейін де ақтөбелік ағайындылардың бірі лаңкестер тізіміне, екіншісі қаза болғандар қатарына еніп кеткенін естіп, өздері шошып кеткен еді. Кейін өлтірілген содырлардың арасынан өзін тауып алған Ақтөбе тұрғыны Данияр Уайсов шағымын айтып халыққа үндеу жасаған.

Айта кетсек, осы аптада Ақтөбеде теракт болмай тұрып, «Сақалы ұзын мен балағы қысқаның» барлығы экстремист емес деген сенатор Серік Ақылбай терактіден кейін жұртты «сақал-мұртын» қыруға мәжбүрлемей, қолға түскен террористерді түгел тергеу керек дейді. Тіпті қандықол қылмыскерлер атылуы тиіс деп хабарлайды 31 арна.

«Оларды ату жазасына дейін бару керек. Бізде қазір мораторий. Оны алу керек. Терроризм жасаған, күнәсіз адамдарды өлтіргендерге бір-ақ жаза болу керек — ату жазасы», — деді сенатор.

Кезінде судья болып, тіпті, екі қылмыскерге өлім жазасын кескен сенатор салафизм іспетті ағымдарды тежеу тәсілін де тауыпты. Шетелдің діни оқу орындарында білім алып келгендерді имам немесе діни ұйым басшылығына отырғызбау керек деген Серік Ақылбай, басқа жүздеген имамдарды айтпағанда, Бас мүфтидің өзі Мысыр елінде Әл-Азһар университетінде білім алғанын ұмытып кеткен сияқты.

Бірақ, мұнымен мәселе шешілмейді деушілер де жетерлік. Әсіресе, құқық қорғаушылар «онсыз да өзін өлімге қиған террористерді өлім жазасына кесудің жөні жоқ» деген пікірде.

КТК арнасына берген сұхбатында құқық қорғаушы Евгений Жовтис: «Мұндай содырларды өмір бойына түрмеге қамап жазалау керек. Өйткені, конституцияда — адам ең басты құндылық ретінде саналады. Өлім жазасын қайта енгізсек, Ата заңымызға қайшы әрекет жасаймыз. Оның үстіне біздің мемлекет БҰҰ-ның Ассамблеясында өлім жазасынан бас тарту туралы декларацияға қол қойған», — дейді.

Жалпы елімізде өлім жазасына 2003 жылы мораторий жарияланғаны белгілі. Ал оған дейін тіпті, алаяқтық пен зорлау, жалған ақша жасап, пара алғаны үшін де ату жазасы кесілетін. Қазір әлімнің 58 елінде өлім жазасы әлі қолданылып келеді.

Ауыр қылмыс істеп, өмірімен қош айтысатындардың көшін қытайлықтар бастап тұр. Мұнда жылына 8 мыңға жуық адам өлім жазасына кесіледі. Иранда 150 қылмыскер, Сауд Арабиясында 100, ал АҚШ-та жылына орта есеппен 60 адам түрмеге емес, о дүниеге аттанады.

KAZAKBOL.COM
Вам также могут понравиться

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.

Уважаемые посетители KAZAKBOL.COM ! Оставляя комментарии, проявляйте уважение и терпимость к мнению других пользователей. Сообщений, приводящих к разжиганию конфликтов, расистских высказываний, провокаций, оскорблений и дискуссий, не относящихся к теме статьи будут удаляться. Ссылки на сторонние ресурсы в комментариях запрещены. Подобные сообщения будут удаляться, а их авторы будут забанены.Мы не несем ответственность за форму и характер выставляемых комментариев.

KAZAKBOL.COM