30 мамырда Бішкек қалалық соты мәдениет министрлігінің сайтты бұғаттау жөніндегі шешіміне «Азаттык Медиа» түсірген шағымды қарады.
Сот отырысында Азаттықтың Қырғыз қызметінің адвокаттары мәдениет министрлігінің сайтты бұғаттау жөніндегі шешімі заңсыз екенін мәлімдеп, Бішкек әкімшілік соты үкімінің күшін жоюды сұрады.
Судья Болотбек Сатыбалдиев төрағалық еткен сот алқасы «Азаттык Медиа» арызын қанағаттандырмай, соттың оған дейінгі инстанциясының шешімін күшінде қалдырды.
Адвокат Акмат Алагушевтің айтуынша, басылым сайттарын бұғаттау кезінде заң бұзылған, бірақ әкімшілік сот шешім қабылдар уақытта оған назар аудармаған. Мәдениет министрлігі сайттарды бұғаттау кезінде «Жалған ақпараттан қорғану туралы» заң ережелері де бұзылды дейді адвокат.
Министрлік өкілдері болса қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы қақтығыс туралы материал өшірілмегендіктен, сайттар әлі бұғатталып тұр.
«Азаттык Медиа» адвокаттары Бішкек қалалық сотының шешіміне жоғары инстанцияға арыздануды көздейді.
23 қаңтарда Қырғызстан мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі сотқа шағым түсіріп, Азаттықтың Қырғыз қызметінің («Азаттык Медиа») жұмысын тоқтатуды талап еткен. Ведомство өкілдері шағымда Азаттық сайтын жабуға түрткі болған қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс туралы «Настоящее время. Азия» арнасының бағдарламасы жойылмағанын және әлеуметтік желіде таралып жатқанын айтқан.
Азаттық сайты мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің шешімімен Қырғызстан аумағында 2022 жылғы 26 қазаннан бері бұғатталып келеді. Ведомство өкілдері «заңға қайшы» материал өшірілмейінше, бұғаттау туралы шешім күшінде болатынын айтқан. «Азаттык Медиа» алғашқы күннен-ақ бұл шешімді мойындамайтынын мәлімдеп, заңсыз екенін дәлелдеуге тырысқан.
27 сәуірде Бішкектің аудандық соты «Азаттыкты» БАҚ ретінде жабу туралы шешім шығарған.
KAZAKBOL.COM