Бұл жоба қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге бағытталған.
Голливудтың қандай мультфильмдері қазақ тіліне дубляждалатыны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Меломан» компаниясының мәліметіне сүйенсек, биыл голливудтық үш жобаны қазақ тіліне аудару жоспарланыпты.
«Олар «Суперсемейка 2» (14 маусым), «Монстры на каникулах 3» (12 шілде) және «Ральф против интернета» (22 қараша)», — дейді «Меломан» компаниясының баспасөз қызметі.
Қазақ тіліне дубляждалатын өнімдердің сапасы өте жоғары болуы керек. Актерлердің дауысы жағымды аударма мен дубляж жасанды емес шынайы шығуы керек.
«Жоғары сапалы дубляж деген не? Көрермен мультфильмнен қазақ тілінде түсірілгендей әсер алуы қажет. «Диснейдің» талабы сондай. Дубляж жасайтын актердің дауысы түпнұсқадағы кейіпкермен біте-қайнасып білінбей кетуі керек», — дейді бірнеше жобаның авторы, режиссер Айжан Жамшитова.
Бұл жоба қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге бағытталған.
«Көліктер -2» мультфильмін дубляждағанда балалар «найзағай» сөзін кеңінен қолданатын болып кетті. Ол Маккуиннің лақап аты»,-деді «Меломан» ЖШС бас директоры Вадим Голенко.
Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылдан бастап «Болашақ» қоры «Disney» және «Меломан» компанияларымен бірлесе отырып голливудтың үздік өнімдерін қазақшалауды қолға алған болатын. Қазақ тілі түркі тілдерінің ішінде 2-ші, Sony Pictures тілдерінің ішінде 7-ші, Walt Disney тілдерінің ішінде 39-шы болып әлемдегі DVD, Blu-Ray бойынша қолжетімді тілдер қатарына еніп отыр. Жоба қолға алынғаннан бері әлемдік табысы орта есеппен 200 млн доллардан асатын 23 картина қазақ тіліне дубляждалған.
KAZAKBOL.COM