Славяна Миневская. Фото: КТК арнасы
Ол ақпан айында Сан-Паулу әуежайында 2 келі кокаинмен ұсталған болатын. Қазақстанның Бразилиядағы елшілігінің белсене араласуымен 20 жастағы қыз толық ақталып шыққан.
Оны Бразилиядан бағалы тастарды жеткізіп бер деп танысы жіберген екен. Ақысына 4 мың доллар беретін болған. Алайда Сан-Паулудан алып шыққан жүгінің арасынан полция есірткі тауып, қолына бірден кісен салыпты.
Сөйтсе, Бразилияға жіберген танысы арбау арқылы сол елден есірткі алдыртпақ болған көрінеді. Еліміздің полициясы қызды жұмсаған келіншекті ұстап, 6 жарым жылға бас бостандығынан айырды. Осының арқасында ғана Бразилия тергеушілері Славянаны бостандыққа шығарып отыр.
Дегенмен, тағы бір қарағандылық қыз сол жақтың түрмесінде әлі жатыр. Осы көктемде әлгі келіншектің тапсырмасымен шетел асқан ол тура осылай ұсталып, 7 жарым жылға сотталып кетіпті. Оның ісімен де елшілік айналысуда. Ал Славяна жақын күндері елге жеткізілуі тиіс.
«Жакын күндері ол төлқұжаттарын алуы керек. Содан кейін ғана ұшаққа билет алып осында жеткіземіз. Ал әлі түрмеде отырған екінші қызға елшілік көмек бергелі жатыр. Осы жерде сотталған әйел бойынша құжаттар Бразилия сотына жетсе, ол қыз да ақталып шығуы мүмкін. Жалпы біздің сондағы елшілікке алғысымыз ұшан-теңіз», — дейді Славянаның анасы Виктория Миневская.
KAZAKBOL.COM