Жексенбі, 28 қарашада Чехияда президенттің екі ресми резиденциясының бірі Лана сарайында премьер-министр Петр Фиаланы тағайындау рәсімі өтті.
Фиала популистік АНО партиясымен республиканы 8 жыл басқарған олигарх Андрей Бабиштен басып озды.
Земан Фиаланы 26 қарашада тағайындауы тиіс болған, бірақ коронавирусқа байланысты шұғыл түрде ауруханаға әкетілген. 77 жастағы Земанның денсаулығы нашарлаған.
Чехия президенті сайтының хабарлауынша, үкімет жетекшісін тағайындау рәсімінде Конституцияда жазылған төтенше жағдай талаптары мен санитарлық шектеулердің барлығы сақталған.
Мүгедектер арбасында отырған президентті залға жиналғандардан әйнек қабырға бөліп тұрды. Мемлекет басшысы сол жерде рәсімді қадағалап отырды.
Шараға қатысушылар FFP3 санатына кіретін респиратор тағып келді, ал залдағы заттардың барлығы залалсыздандырылып, желдетілді.
Либерал-консервативтік көзқарастағы Петр Фиала – 57 жаста. 2012 жылдың мамыры мен 2013 жылдың шілде аралығында Білім, жастар және дене шынықтыру министрі болды. Академиялық ортада Брно қаласындағы Масариков университетінің бұрынғы ректоры және проректоры ретінде танымал.
Католик дінін ұстанатын Фиала шіркеуге жиі барады. Ол Чехословакияның бірінші президенті Томаш Масарик кезеңінен бері жоғары лауазымға тағайындалған алғашқы университет оқытушысы. Үйленген, үш баласы бар.
KAZAKBOL.COM