Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда жеңілдетілген жолмен уақытша тұруға рұқсат алуға болатын мамандықтар тізімін жариялады. Тізімде ғылым, денсаулық, өнеркәсіп және ақпараттық технология салаларындағы «аса қажет» 21 мамандық бар.
«Аса қажет мамандықтарды игерген шетелдіктер ішкі істер органдары арқылы төлем қабілетін растамай-ақ, жеңілдетілген жолмен уақытша тұру құжатын рәсімдей алады» деп жазылған министрліктің хабарламасында. Уақытша тұру құжаты 10 жылға я шетелдіктің төлқұжатының мерзімі өткенше беріледі.
Аса қажет мамандықтар тізімінде нейрохирург, гематолог, онколог, неонатолог, эндокринолог, ғарыш жүйелерін қамтамасыз ететін инженер, мата шикізатын классификациялаушы, бактериолог, IT саласының архитекторы бар. Мамандықтардың тізімі министрліктің сайтында жарияланған.
Былтыр желтоқсанда еңбек министрлігі елге қажет мамандықты игерген шетелдіктерге жеңілдетілген жолмен тұрақты тұру құжаты берілетін бастаманы жариялаған. 2022 жылғы қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында «адам капиталын дамыту үшін» шетелден «шығармашылық және өнеркәсіп салаларында жетістікке жеткен» мамандарды тарту туралы айтқан.
Билік ел экономикасына 300 мың доллар инвестиция салған шетелдіктерге ұзақ уақытқа виза беру жоспарын да мәлімдеген.
Бұған дейін үкімет Қазақстанда кадрлардың шетке кетуі 4,5 есе өскенін хабарлаған. 2010 жылы елден 2,5 мың адам, 2020 жылы 11,2 мың кадр кетіп қалған (көбі – техника, экономика және педагогика мамандары).
KAZAKBOL.COM