ӘМСҚ ЕЛОРДАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ЖЕТКІЗУШІЛЕРГЕ 69,5 МЛРД ТЕҢГЕ ТӨЛЕДІ
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы елорданың емдеу мекемелеріне жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетілген медициналық қызметтері үшін 69,5 млрд теңге төледі. Қаржы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті (ТМККК) шеңберінде бөлінді.
«2019 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша, Қормен келісімшарт жасаған Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық қызмет жеткізуші компанияларға 69,5 млрд теңге төленді. Бұл кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасының 70,3 пайызын құрайды», — дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалымен келісімшартқа отырып, тапсырыс алып жатқан, соның ішінде емхана қызметіне қызығушылық танытып отырған жекеменшік клиникалар саны артып келеді. Биылғы жылы елордалықтарға мемлекеттік тапсырыс аясында медициналық қызмет көрсету үшін Қормен келісімшарт бекіткен 95 медициналық ұйымның 60-ы жекеменшік. 2018 жылмен салыстырғанда жекеменшік клиникалар саны 10 ұйымға көбейген.
Жалпы, 2019 жылы кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге мүдделі медицина ұйымдарымен 98,9 млрд теңгеге келісімшарт жасалған болатын.
Естеріңізге сала кетсек, МСҚ – тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттерінің қаржылық операторы. Қор халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді ҚР Үкіметі бекіткен тәртіп бойынша сатып алады.
Медициналық сақтандыру жүйесі – медициналық қызмет сапасы мен оның қолжетімділігінің кепілі.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының
баспасөз қызметі
KAZAKBOL.COM