Өзбекстан түрмелерінде діни фундаменталдық ұйымдарға мүше, терроризм және экстремизм айыптарымен қамалған 1 800 адам бар. Бұл туралы АҚШ-тың мемлекеттік департаменті жариялаған әлемдегі дін еркіндігі бойынша кезекті баяндамасында айтылады.
Ақпаратқа қарағанда, Өзбекстанда 2022 жылы дін еркіндігі үшін күресіп келген белсенділер экстремизм және терроризм айыптары бойынша қамауға алынған.
Мәселен, былтыр 27 мамырда Қарақалпақстанда діни құқық қорғаушы Алимардон Султанов «Экстремизм» бабы бойынша кінәлі деп танылып, жеті жылға сотталған. Осы жылы Ташкентте онға жуық адам милиция бөлімшелеріне жеткізіліп, сақалдарын алуға мәжбүрленгені хабарланған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, күш құрылым қызметкерлері «15 тәулікке қамауға аламыз» деп қорқытқан.
Мемлекеттік департаменттің баяндамасында былтыр өзбек үкіметі төрт діни ұйымды – үш шіркеуді және бір «Бахаи» тобын тіркеуге алғаны жазылған. Сонымен бірге 16 діни ұйымды тіркеуден бас тартқан. Ақпаратқа қарағанда, ол ұйымдар 2021 жылдан бері үкіметтің ресми рұқсатын ала алмай келеді.
Құқық қорғаушылардың сөзінше, соңғы кездері әлеуметтік желілердің өзбек сегментінде «белгілі ислам блогерлерінің антихристиандық, антисемиттік, антибатыстық және әйелдерге қарсы контенті күшейген».
KAZAKBOL.COM