WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы Әлем чемпионы, қазақстандық Геннадий Головкин өзінің қазіргі жағдайы мен алдағы спорттағы мансабы туралы айтып берді.
Бұл туралы Спорт.кз-ке сілтеме жасап Қазақпарат хабарлайды.
«Рингтен тыс жерде менің басқа өмірім бар. Бұл менің жұмысым, сондықтан мен оған өте жауапкершілікпен қараймын. Мәселен, мен кеңседе қызмет етсем, ол жерде де дәл солай істер едім. Рингтен басқа жерде мен жай ғана қарапайым жігітпін. Шаршы алаңға шығу — бұл ойын емес. Менің жарым, балам бар. Мен өз жұмысымда 100 пайыз қырағы болуым керек. Өзімді осы 34 жасымда 25 жасымдағыдай сезінемін. Ал 40 жасымда осы спортта қала алам ба? Мен Құдай емеспін. Мүмкін, мен осы кездесуден кейін (Уэйдпен) спорттық мансабымды аяқтайтын шығармын. Бұл бокс. Ал дәл қазір мен өзімді өте жайлы әрі сергек сезінемін», — деген боксшының сөздерін Daily Mail басылымы келтірді.
Айта кетейік, қазақстандық жанкүйерлер жекпе-жекті 24 сәуірде 07:00-ден бастап «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен kaztrk.kz сайтынан тікелей эфирде тамашалай алады. Сондай-ақ, елордадағы «Қазмедиа Орталығының» лэд-экранынан көруге болады.