Иран мен АҚШ-тың бір-біріне қабақ шытуынан көз жұмған адамдардың саны 200-ден асты. Ислам мемлекеті Тегерандағы әуе апаты елдің Қарулы күштерінің қателігінен болғанын, яғни жолаушылар ұшағын зымыраны атып түсіргенін мойындап, әлемді дүр сілкіндірді. Бұл қадамды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды шешімге балады. Тараптарды ұстамдылық танытуға шақырды. Ал Иранның өз азаматтарын қырғанына ашуланған топ митингке шығып, полицямен теке-тіреске түсті. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
АҚШ әскерилерінің қолынан көз жұмған ирандық генерал Касем Сулейманиді ел болып ақтық сапарға шығарып салғанда 60 шақты адам көз жұмған еді. Барлығы көшеде иінтірескен жұрттың аяғы астында тапталып қалған. Ал бес күн бұрын Тегеран әуежайынан ұшқан Украиндық жолаушылар ұшағы құлап, 176 адам мерт болды. Бұлардың барлығын АҚШ пен Иран арасындағы теке-тірестің жанама құрбандары деп атауда. Алғашқыда ұшақ ішінде болған бортсерік Екатерина Статник жақындарына телефон шалып, әуе кемесіне оқ атылып жатқаны туралы хабар беріп үлгерді деп еді. Оны туыстары жоққа шығарды. Араға үш күн салып, ұшақ расымен де әскери шабуылға тап болғаны ресми түрде расталды.
АМИР АЛЕ ХАДЖИЗАДЕ, ИРАННЫҢ ИСЛАМ РЕВОЛЮЦИЯСЫ КОРПУСЫНЫҢ ӘСКЕРИ-ҒАРЫШ КҮШТЕРІНІҢ БАСШЫСЫ:
» Болған жағдай мені қатты күйзелтті. Өзім де өлуге дайынмын. Мен бар жауапкершілікті өз мойныма аламын. Маған қатысты шығарылған кез келген шешіммен келісемін».
Алдымен ирандық генерал Сулеймани үшін кек алып, Ирактағы базаларды атқылаған Иран қарымта шабуыл күтіп отырыпты. Азаматтық авиация комитетінен жолушылар ұшақтарын тоқтата тұруды да сұраған. Бірақ, оны ешкім пысқырмаса керек. Егер Таяу Шығыстағы жағдайды Америка ушықтырмағанда ешкім көз жұмбас еді дейді Иран билігі.
ЦИТАТА. МОХАММАД ДЖАВАД ЗАРИФ, ИРАННЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:
«Қайғылы күн! Қарулы күштердің ішкі тергеуінің алдын ала мәліметтері бойынша, АҚШ-тың авантюристік әрекетінен туындаған кризис салдарынан адам қолымен қателік жасалып, әуе апатына әкеп соқты. Біз қатты өкіне отыра, халқымызға, опат болғандардың жақындарына, көз жұмған өзге мемлекеттердің азаматтарына көңіл айтамыз!».
Украин Президенті Володимир Зеленский алғашқыда тергеу нәтижелерін күтейік деп сабырға шақырып жүрген еді. Енді ирандық әріптесімен телефон арқылы сөйлесіп, тергеуге украиндық мамандар да белсене араласатын болды.
ВОЛОДИМИР ЗЕЛЕНЬСКИЙ, УКРАИНА РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
«Біз заңдық, техникалық тұрғыдан бірлесе жұмыс атқару жөнінде келісімге келдік. Өтемақы төлеу бойынша да түсіністік бар. Жауаптылар жазадан құтылмайтынына кепілдік берілген. Украина Бас прокурорының кеңсесі украин азаматтарын қасақана өлтіру дерегі бойынша іс қозғады».
Иранның мойындағанын әлем екіұдайы қабылдады. Ел ішінде апатта опат болғандарды еске алу шарасы тәртіпсіздікке ұласып, полициямен қақтығыс болған. Наразы топ аятолла Әли Хаменеидің биліктен кетуін талап етуде. Ереуілді суретке түсіріп жүрген Британ елшісі де ұсталыпты. Кейін босатылды.
Америка болса, экономикалық санкцияларды күшейтпек. Бірақ соңғы жылдары санкциядан көз ашпай келген Иран үшін бұл шыбын шаққан құрлы болмайтын жауап па деп қаласың. Сарапшыларға сенсек, бұл теке-тірестен Дональд Трамп оңбай ұпай жоғалтып жатыр. Алдағы сайлауда бақ сынаса, жеңіске жетуі екіталай секілді көрінеді.
Жеткен соңғы ақпарлардың бірі бұгін Иран Қарулы күштері Ирактағы тағы бір базаға оқ атқан. 4 жауынгер жараланған.
KAZAKBOL.COM