Үкіметтегі үш Асқар. Фото: serik_abasshakh_officialpage
Ұлттық экономика министрлігінен жер дауына қатысты президенттен қызметіне сай емес деген сөгіс алып, өз еркімен отставкаға кеткен Ерболат Досаев үкіметке қайта оралды. Бірақ бұл жолы министрлік басқаруға емес, министрлердің үстінен қарамаққа.
Осылайша ол үшінші рет үкіметке қайырылып отыр. Есте болса, Досаев балалардың жаппай СПИД жұқтыру дауынан кейін алғашқы рет министрлер кабинетінен шығып қалған. Бұл Денсаулық сақтауды басқарған 2006 жыл. Араға алты жыл салып, Экономика министрлігіне қайтып келді.
Ал 2016 жылы министрлік қызметтен кезекті рет даумен, жер реформасын жүзеге асыра алмай кетті. Досаевпен бірге бүгін вице-примьер қызметіне Асқар Жұмағалиев тағайындалды. 45 жастағы Жұмағалиев 2010 жылы үкіметке келіп, Байланыс және ақпарат, Көлік және коммуникация министрліктерін басқарып үлгерген.
Үкіметтегі соңғы, Инвестициялар және даму вице-министрлігінен 2015 жылы ҚазАтом өнеркәсіпке кеткен-ді. Қос шенеунік те шетелде білім алған. Ал басқа бір вице-министр керісінше шетелде білім алам деп, қызметтен кетті. Оның кетуі де дау-дамайға толы.
Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның «Болашақ» стипенциясын алуы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Көпшілік шенеуніктің өз қолындағы білім грантын өзі иеленуіне күдікпен қарады.
«Осы лауазымда отырып, менің ойымша тапсыра беруіне болады емес, тапсыруы керек. Білім саласында жұмыс істегеннен кейін, университетте оқи алмайды деген ешқайда ондай қағидат жоқ. Бәрі заңды түрде өтті«, — дейді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Жанболат Мелдешев.
Бір қызығы Суханбердиеваның қызметтен босатылғаны туралы ақпарат соңғы сәтке дейін ешбір жерде жарияланған жоқ. Оның кеткенін көпшілік орнына басқа адам тағайындалғанда бір-ақ білді.
Білім және ғылым вице-министрі болып 35 жасар Асхат Аймағамбетов тағайындалды. Қарағанды облысының білім басқармасына бас болған азамат енді Астананың сол жағалауына қоныс аударады.
Бүгінгі кадрлық өзгерістерден кейін үкімет басшысының Асқар есімді үш бірдей орынбасары бар. Олардың үлкені бірінші вице-премьер Асқар Мамин, орынбасар Асқар Мырзахметов және жаңадан тағайындалған Асқар Жұмағалиев. Енді Сағынтаевқа уәзірлерінің атынан шатыспаса болғаны.
Ал бірер күнде вице-премьерлердің қызметі қайта бөлініп, жауапты салаларды өзара бөліп алмақ.
KAZAKBOL.COM