Маңғыстау өңірінде жастардың мәселесіне әлеуметтік зерттеулер жүргізілген. Бұл туралы «Саламатты Ел» қоғамдық қорының директоры Гүлзира Есетова айтып берді. Қарақия, Маңғыстау, Түпқараған, Бейнеу, Мұнайлы аудандарының жастарымен өткен кездесулер облыс орталығындағы мектептер мен колледждерде жалғасын тапқан. Аталмыш жоба облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде жүргізіліпті.
Мемлекеттік жастар саясаты – жастар мәселесіндегі демократиялық, жас азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, өркендеу мен жаңашылдық нақты әрі тиімді іс – қимыл, жалпыға ортақ – барлық жастардың жынысына, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және діни ұстанымына қарамастан жаппай қамту, жастардың әлеуметік жағынан неғұрлым аз қорғалған бөлігін, соның ішінде мүгедек балаларды, денсаулығында ақауы бар балғындарды тікелей қорғауға баса назар аударылады.
Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысты іске асыру үстіміздегі жылдың 16 тамызынан бастау алған. Ақтаудағы Жастар үйінде өткен баспасөз маслихаты кезінде біраз мәселелер айтылды. Әсіресе өңір жастары арасындағы қазіргі ахуал мен үрдісті зерттеу, оның аясында рухани, отбасылық құндылықтарды насихаттау, патриоттық тәрбие және құқық бұзушылық пен діни экстремизмнің алдын алу, жайдарман ойындарын ұйымдастыру жолымен жастарды ұйымшылдыққа шақыру және т.б.
Бейнеу ауданы Жастар ресурстық орталығының директоры Жеңіс Қайранов, жастардың әл-ауқаты, әлеуметтік және экономикалық жағдайы, жасалып жатқан игі істер мен мәдени шараларға тоқталыпты. Әсіресе аудандық бюджеттен 8 млн. теңге бөлініп, 185 жас уақытша жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта жастарға қажетті жобалар жүзеге асырылмақ.
Атап айтқанда, «LECTORIUM» жобасы. Оның аясында жастар өңірге және елге танымал тұлғалармен еркін форматта сұхбат жүргізе алады. Тағы бір жоба «JASTAR BOOKS» деп аталады. Оның аясында кітап сүйер жастар ортасын қалыптастыру көзделген. Елбасымыздың «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын кеңінен насихатталмақ. Сондай-ақ, «Еріктілер корпусы», «BOLASHAQQA SENIMMEN», «KENES ALANY», «KASIBI BAGDAR» сияқты жобалардың жастарға берері мол.
Бейнеу ауданының 300-ге жуық жастары 15 сұрақтан тұратын сауалнамаға қатысып, дені жастар саясатын қолдау мақсатында жүргізіліп жатқан іс-шараларға көңілі толатындарын жеткізген.
Жас отбасылардың материалдық жағдайлары орташа деңгейде екендігі байқалады. Ал, қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылда тұрып жұмыс жасағысы келетіндер әлі де болса көп екендігі көз қуантады.
Сауалнамаға қатысқандардың 87% өмір сүріп жатқан елді мекенге деген көзқарасы жақсы, саяси-қоғамдық өмірге қатысуы бөлімінде 79% «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасуға ниет білдірсе, жастар құндылығы және өнегелі бағыттар жүйесі бойынша 93% өмірдің маңыздылығы ретінде: бейбітшілік және қауіпсіздік, жеке құқық еркіндік, Отанымызға адал қызмет етіп, жоғары санатты маман болуды көздейтіндерін жеткізіпті.
Жастардың жай күйіне әлеуметтік зерттеулер жүргізуді жалғастырған Гүлзира Есетова, 25 қыркүйекте мұнайшылар шаһарында болғанын айтады. Жаңаөзен жастар ресурстық орталығының басшысы Ғани Құрманғалиевпен сұхбаттасу кезінде, қала жастары көтеріп жүрген бірнеше мәселелер айтылған, әсіресе ойын-сауық орталықтары аз көрінеді, оның ішінде мәдени орталықтары мен спорт алаңдары.
Ал мектептер мен колледждерге қарасты спорт алаңдары болғанымен, барлығы жастарға қолжетімді емес, себебі білім ошақтарының басшылары түрлі мекемелерге кешкі уақыттарында спорт алаңдарын жалға беріп қойған көрінеді. Ал ашық спорт алаңдары, әсіресе футбол алаңдары Рахат, Теңге, Қызылсай ауылдарында жоқтың қасы. Тіпті мәдени, ойын-сауық орталықтарын көрмейсіз. Жастардың түрлі діни ағымға ерудің бірден-бір себебі – тәжірибелі теолог мамандардың аздығы. Теріс пиғылды ағымдардың жетегіне еріп кету деректерінің орын алуы қатты белең алмағанымен, кездесіп отырады.
Жас тапқыштар сайысы кезінде білім мен ғылымға құштар, интеллектуалды ізденімпаз жастардың көп екендігі қуантты. Оған мектеп, колледж студенттерімен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар да белсенділік таныта білген. Мемлекет тарапыпан жастар бағдарламалары түсіндірілгеніне қарамастан, кедергілер де жоқ емес көрінеді.
Қазан айының 10-20 күндері аралығында арнаулы орта оқу орындарында білім алатын студенттер, облыстың жалпы білім беретін мектептердің 9-11 сынып оқушылар арасында кездесулер, семинар-тренингтер, сауалнамалар жүргізілген. Әсіресе Ақтау қаласының жалпы білім беретін 3 мектебі, Түпқараған ауданының 2, Бейнеуден 2 мектеп, Ақтаудағы 2 колледж студенттері, «Yessenov University» 2-4 курс студенттері сауалнамаға белсенді қатысты.
«Саламатты Ел» қоғамдық қорының басшысы Гүлзира Есетованың айтуынша, мемлекеттік жастар саясатының басты мақсаты мен міндеттері жастармен өтетін барлық кедесуде ұдайы айтылып отырады. Әсіресе әлеуметтік, құқықтық, экономикалық жағдайын жақсартуға, әл-ауқатын көтеруге бағытталғаны туралы жастардың өздері хабардар. Жалпы өңір жастарының мәселелерін анықтау бойынша социологиялық зерттеулер әлі де жүргізіле бермек.
Сонымен қатар, «Жыл үздігі» сияқты байқау жастарды одан сайын жігерлендіре түспек.
Бүгінде жастар семинар-тренингтер өткізіліп, сауалнамалар жүргізіліп, ой-өрісін, шығармашылығын, салауатты өмір салтын қалыптастыруға негіздейтін үйірмелердің көбейгендігін, спорт алаңдарын салу, мәдениет үйлері, кинотеатрлар, клубтар, ойын-сауық орталықтарының көбірек салынғанын қалайды.
Қорыта келгенде, жастар көтерген барлық мәселелер орынды. Бұл ретте, жастардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету, әсіресе білім, жұмыспен қамту, кәсіптік, рухани және дене тәрбиесінің дамуына қолдау көрсету қажет. Жас таланттардың барлық бастамаларын қолдауда билік те, бизнесте шет қалмауы тиіс.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Жоғарыда айтылған мәселелер доңыз жылы өз шешімін табатынына маңғыстаулық жас өрендер кәміл сенеді. Өйткені бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі тәуелсіз елдің тұтқасын ұстар азаматтар.
Дайындаған Кәмшат Ізбасарова,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы
KAZAKBOL.COM