Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Әндіжан облысына сапары кезінде Избаскан ауданындағы And gold тігін фабрикасымен танысты.
Әндіжан тұрғындарының «Озодликқа» хабарлауынша, Мирзияев сапары қарсаңында бұл кәсіпорынға жақын маңдағы махаллалардан қыз-келіншектерді жинап, оларға «тігінші» рөлін сомдауды тапсырған.
Мирзияев аймаққа сапарын Избаскан ауданындағы «Кугай» махалласынан бастады. Бірнеше күн бұрын мұнда And Gold тігін фабрикасы іске қосылған.
Мемлекет басшысының тігін кәсіпорынын аралау сәтінен дайындалған бейнерепортаждан фабрикада жұмыс істеп отырған жүздеген қызды байқауға болады.
Репортажда президент Мирзиев тігінші әйелдердің бірімен амандасып, оның жағдайын сұраған.
«Шынымды айтсам, Өзбекстанда туғаныма өте қуаныштымын», – деп жауап берген тігінші әйел.
Президентпен кездескен тігінші әйелдер фабрикаға жақын маңда тұратынын, кәсіпорында жақсы жағдай жасалғанын айтқан.
Мирзияев тігін фабрикасының жұмысшыларына жалақыны бірнеше есе ұлғайтуға уәде берген.
Ресми мәлімет бойынша, And Gold тігін фабрикасы 2,5 миллион долларға салынған. Ресми мәліметте мұнда 830 әйел жұмыс істейтіні айтылған.
Бірақ жергілікті тұрғындар олардың бәрі тігінші емес деп отыр.
– Избаскан ауданы мемлекет басшысының сапарына жақсы дайындалды. Бірақ біз аудан басшысы С. Исмаилов президентті қалай алдағанының куәсі болдық. Олар махалла тұрғындарын кәсіпорында тігінші болып отыруға шақырды. Фабрикада отырған әйелдердің бес пайызы ғана ине ұстай алады, қалған 95 пайызы – хатшы қыздар, махалла мамандары мен төрайымдары. Президент сапары қарсаңында оларға арнайы жұмыс киімін таратты, – деді Әндіжан облысының бір тұрғыны.
Оның айтуынша, репортажда Мирзияевпен сөйлескен әйел шын мәнінде махалла комитетінде жұмыс істейді.
– Президентке кәсіпорында жұмыс істеп жүргеніне риза екенін айтқан әйел онда істемейді. Ол махалла комитетінде істейді. Көзбояушылық! Президент сапары қарсаңында оған мемлекет басшысына не айту керектігін үйретіп қойған. Кәсіпорын президент келерден бір күн бұрын ғана ашылған. Президент кеткен соң олар өз жұмыстарына қайта оралды, – дейді жергілікті тұрғын.
Еске салайық, Шавкат Мирзияевтің Әндіжан облысына сапары 17-18 маусымда өтті.
KAZAKBOL.COM