Оңтүстік Қазақстан облысында ата қонысына оралған он отбасы өлместің күнін кешіп отыр. Шекара аумағында орналасқан бұл ауыл жұртшылығы он бір жыл бұрынғы өмірін сағынышпен еске алады. Тек ол кезде бұл тұрғындар көрші Өзбекстан елінің азаматы болған деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданындағы Достық ауылындағы он үйдің халқы 2005 жылы Қазақстан мен Өзбекстан елдерінің арасындағы шекара демакрацияланып, «қазақстандық» деген статусқа ие болған. Бір өкініштісі, ел азаматтығын алған қандастарымыз содан бері көгілдір отын былай тұрсын, сусыз күн кешіп отыр.
«Біздің ауыл Өзбекстанға қараған кезде суымыз да, газымыз да болатын. Қалай Қазақстанға өттік, көрші ел оның бәрін тоқтатып тастады. Әбден әбіржіп тыңдық. Шекараның арғы жағында жайқалған жасыл желекті қараңыз да, біздің ауылды салыстырып көріңізші. Біздегі талдарымыз судың жоқтығынан қурап барады», — деген ауыл тұрғындары Өзбекстан елінде тұрған кездерін сағынышпен еске алғанымен, ол жаққа қайта көшіп барғысы келмейтіндіктерін айтты.
Екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі Райхан Өсербаеваның жолдасы мен ұлы жанұясын асырау үшін үнемі түзде жүреді. Ауылда келіні мен қос немересі төртеуі тұрады.
Денсаулығы сыр берген Райхан ана сусыз тіршілік етудің азабын бұлайша тартамын деп ойламағанын жасырмайды. Өйткені осыдан он бір жылғы өмірі қазір құдды бір ертегіге айналғандай.
Бұл ауылда су болмаған соң мал мен егін шаруашылығын қолға алу тіпті қиын. Сол себептен ауыл жұртшылығы көршілес елдімекендегі егіс алқабында жалданып жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр.
Жұмыссыздық демекші, көптен бері тартып отырған азабын жайып салған Райхан Өсербаева жақында келінін жұмысқа тұрғызбақ болып жаңадан ашылғалы отырған балабақша басшылығымен сөйлесіпті.
Ондағылар ашықтан-ашық «ставкаларын» айтқан соң онсыз да мүмкіндігі шектеулілердің қатарында жүрген ол төбесінен жай түскендей сезімде болғанын жасырмайды.
Өйткені Достық ауылында қарапайым тәрбиеші болып жұмысқа тұру үшін төрт жүз мың теңгең болуы керек екен. Сұраған ақшаны тауып бере алмаған мүгедек келінім тағы да жұмыссыз қалды деп қынжылды.
Ал 24 жастағы келіні Гүлмира Жалдарованың бұл босағаны аттағанына төрт жыл болған. Баспаналы шаңыраққа келін болып түсті деген аты болмаса, кез-келген уақытта үйсіз қаламыз ба деп қорқады.
Себебі бұл үйдің құжаты жоқ. Соның салдарынан мемлекеттік мекемелерден қандай да бір анықтама алу үшін ісі түсіп бара қалса, талай қиыншылыққа тап болатынын жасырмайды. Амалдың жоқтағынын әр анықтамаға сұраған ақшасын беруге тура келетінін ашып айтты.
Жас келіннің бұл сөзіне көршілері де қосыла кетті. Олардың сөздеріне сенсек, мұнда ондай анықтама алу 1000 теңгеден жоғары бағаланады екен. Бұл ауылда құжаты жоқ үйде тұрып жатқандар тек бұл отбасы ғана емес.
Ерекше айта кетерлігі, Достықта мектеп, балабақша, аурухана деген атымен жоқ. Ол үшін тұрғындар көрші Ұшқын ауылына барады.
Қуанышқа орай, жергілікті билік құрғақшылық белең алып бара жатқан бұл ауылдың балаларын естен шығармапты. Олар көрші Ұшқын ауылындағы мектепте қатынап оқуы үшін арнайы автобус бөлген.
Балабақшаға баратындар да көлікпен қамтамасыз етілген. Тек науқастардың күні ауылдағы көлігі барларға қарап отыр. Ауыл арасында такси қатынамайды. Көлігі жоқтар көрші ауылдағы шаруаларын бітіру үшін есек арбаны көлік етіп жүр. Суды да сонымен тасуда.
Достық ауылының тағы бір тұрғыны Наргиза Акимбаева жолдасы пышақ астына түскелі жағдайы тіптен қиындап кеткенін айтып, зар илеп отыр. Қарызға белшесінен батқан ол жақында жолдасын мүгедектікке шығармақ болып, табан тоздырғанын айтты. Ақыры болмаған соң көрші-қолаңнан естуі бойынша құзыры биіктеу бір әйелмен сөйлесіп, мән-жайды түсіндіріпті. «Бәрін шешіп беремін» деген ол бұл қызметі үшін көмекке зәру келіншектен 200 мың теңге сұраған.
«Егісте күні бойы жұмыс істейтін менде ондай ақша қайдан болсын? Күніне екі мың теңге табамын. Кейде ол да жоқ. Жолдасым операциядан шыққан соң балалармен үйде отырады. Жағдайым қиын болып кетті. Туыстың бәріне қарызбын», — деген оның көзін мұң шалды.
Он бір жылдан бері су азабын тартып отырған Достық ауылының халқы шекара қызметіндегілер мазаны алып бітті дейді. Ол аумақтағы топырақты шекарашылар жиі қопарып отырады. Ал оның шаңын тікенек сымға жақын орналасқан тұрғындардың жұтуына тура келеді.
«Топырақты қопару — олардың міндеті ғой. Сол арқылы жүрген ізді анықтауға болады. Бұл елдің қауіпсіздігі үшін керек екен. Мейлі, онысына да көндік. Тек бізге осыдан бірнеше жыл бұрын «үйлеріңді жөндеуден өткізбеңдер, көшірілесіңдер» деп жергілікті биліктің өкілдері ескерту жасап, үй мен жер беріледі деп уәде еткен. Күте-күте шаршадық. Енді тағы қанша жыл бұлай отыруымыз керек?», — деп ашынды тұрғындар.
Сонда да күдерлерін үзбеген халық осыншама отбасыны мемлекет керек қылмай қоймайды деген сенімде. Ауыл әкімшілігі болса, тұрғындарға мән-жайды түсіндіріп, алдағы жоспарларын айтумен әлек. Достық ауылдық округінің әкімі Тасбау Полатовтың айтуынша, бұл мәселе биліктің назарынан ешқашан түскен емес. Тек елдің заңдарына аздап реніші барын жасырмады. Қолдың қысқалығы қолбайлау болып отырған көрінеді.
«Біздегі заңдардың бәрі дұрыс. Тек кейбір тұстарында жағдайлар жасалса… Егер менің құзырымда болса, жәрдем берер едім. Маған рұқсат берсең, шешім шығарып берер едім. Тек ол үшін мен бірінші қорытынды алу керекпін. Оны арнайы құрылған комиссия шығарады. Бұл мәселе бүгінде қаралып жатыр. Дегенмен мемелкет барлық отбасыға үй салып бере алмайды. Жер беруі мүмкін. Бірақ, ол үшін алдымен инфраструктура шешілуі тиіс», — деді Полатов.
Айта кететін жайт, азапқа толы күн кешіп отырған бұл отбасыларды көшіру мақсатында Достық ауылына баратын Абай-Калхабад тас жолының екі жақ бетінен 80 гектар жерді беру үшін ауылдың бас жоспары жасалынған. Тек әзірге бұл тұрғындар қашан көшірілетінін ешкім кесіп айта алмайды.