Оңтүстік Қазақстан облысында арнайы жер қорында тұрған 3 миллион 200 мың гектар жер аукционға түседі деп хабарлады облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Созақбай Әбдіқұлов.
Бұл туралы Азаттық жазды.
Оның сөзінше, 3 миллион 200 мың гектар жердің 2 миллион 900 мың гектары – ауыл шаруашылығына бағытталған жер.
«Аукционға тек Қазақстан Республикасының азаматтары ғана қатыса алады. Шетелдіктер, оралмандар жерді сатып ала алмайды. Оларға жер 25 жылға жалға беріледі», — дейді басқарма басшысы.
Созақбай Әбдіқұловтың айтуынша, облыста жиыны 11 миллион 725 мың гектар жер бар, оның 6 миллион 777 мың гектары — ауыл шаруашылығына бағытталған жер.
«Ауыл шаруашылығына бағытталған жердің 3 миллионнан аса гектары шаруа қожалықтары мен заңды тұлғаларға жалға берілген. 34 мың 990 гектар жерді шаруалар сатып алған», — дейді Созақбай Әбдіқұлов.
Қазақстан үкіметі өткен айда жер туралы заңға былтыр күзде енгізілген өзгерістерге сай биыл шілдеден бастап ауыл шаруашылық жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату, сонымен бірге шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға 25 жылға дейін мерзімге жалға беру тәртібі күшіне енеді деп хабарлаған.
Жер сату мен шетелдіктерге жерді жалға беру жөніндегі үкімет бастамасына қарсы бұған дейін зиялылардың талап-хаты жарияланып, Астана мен Оралда белсенді азаматтардың жалғыз адамдық пикеттері мен Алматыда шағын жиын өткен. Ал кеше Атыраудағы жерге қатысты бірнеше мың адам жиналған митинг болған.