Кәрім Мәсімов Оңтүстік Қазақстан облысында
Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Оңтүстік Қазақстан облысында зиярат етіп, аруақтарға құран бағыштады.
Ақсақалдармен кездескен премьер-министрге қариялар ұзақ ғұмыр тілеп, басшылық етіп отырған үкіметтің жұмысына сәттілік тіледі, деп хабарлайды аймақтағы NUR.KZ тілшісі.
Үкімет басшысы Оңтүстікке жасаған сапарын Шымкенттегі әуежай мен теміржол вокзалының қауіпсіздік жүйесімен танысудан бастады. Мұнан соң Түркістан қаласында қасиетті орындарға зиярат етіп, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде аруақтарға арнап құран бағыштады.
Дәл осы кесенеде Мәсімов түркістандық қариялармен кездесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Тұрғындармен тек қазақ тілінде тілдескен үкімет басшысына ақсақалдар риза болып, тіпті елбасыға сәлем айтып жіберді.
«Елбасымыз аман болсын. Бүкіл қазақстандықтардың үйі бала мен бақытқа толып, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман болсын. Кәрім басқарған үкімет жақсы жұмыс істеп, тұрмысымыздан сән кетпесін» деп тілегін айтқан ақсақалдар күллі түркістандықтар атынан елбасыға ыстық ықыласын жолдады.
Дәл осы кездесуде Түркістан ақсақалдары көгілдір отын мәселесіне алаңдап отырғанын жайып салды. Себебі қалаға газ келгенімен, халықтың жүз пайызы оны пайдаланып отырған жоқ.
Айта кетейік, үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бастаған делегация құрамында вице-премьер Дариға Назарбаева мен бірқатар министрлік өкілдері бар. Кесенеден шыққан олар Халықаралық қазақ-түрік университетінде жиын өткізді. Басқосуда білім саласындағы өзекті проблемалар көтерілді. Кейін Мәсімов «Мамлакат» шаруа қожалығының жұмысымен танысып, кәсіпкерлермен кездесті. Онда ауыл халқын микронесиелеу мәселелері талқылады.
Кейінірек үкімет басшысы бастаған жұмысшы топ Шымкенттегі «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-інде болды.
KAZAKBOL.COM