Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының тұрғыны Сәрсенбек Сартаев егін егіп, отбасын асырап отырған азамат. Ерекшелігі – ол ІІ-топтағы мүгедек.
Тағдырдың жазғанына мойымай, ел қатарлы өз кәсібін дөңгелетіп отырған тұрғынның тіршілігімен NUR.KZ-тің аймақтағы тілшісі танысып қайтты.
Сәрсенбек Сартаевтың жасы 36-да. Бір ұл мен қызды тәрбиелеп отырған асқар тау әке.
Екі шынтағынан бастап саусақтары өскен Сәрсенбек күнделікті жұмысын алдын ала жоспарлап қояды. Бес уақыт намаз оқитын ол Алла алдындағы құлшылығын орындап болған соң жұмысқа кіріседі. Отырарлық тұрғын «Ерте тұрған еркектің бір ырысы артық» дегенді басты қағидасына айналдырған.
Таң атпас бұрын намаз оқып, күнделікті күйбең тіршілікке кірісетін ол тек өз отбасының емес, аудандағы күллі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қамын ойлайды. Себебі ол – аудандық мүгедектер қоғамдық ұйымының төрағасы. Айтуынша, бұл жұмысына аптасына 3-4 рет көңіл бөледі. Яғни, бекітілген кестеге сай ұйымның жұмысымен айналысады. Өзі секілді мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесін шешуді көздейді әрі олардың құқықтарын қорғайды.
Үйде отағасына тән жұмыстың бәрін өз мойнына алған Сәрсенбек, тіпті малын күтіп-баптаудың өзін қиынсынбайды.
Үлкен ұлы мектепке бірінші сыныпқа барады. Кішісі Құдайберген әрдайым әкесінің қасынан табылады. Кейде көмекшісі де болады. Асқар тау әкесінен бір елі қалмайды.
Сәрсенбек осыдан бірнеше жыл бұрын арнайы бағдарлама бойынша несие алып, тауық өсіру кәсібін қолға алған. Бірақ, бұл бизнесінің ғұмыры ұзаққа созылмады. Кәсіпкердің сөзіне сенсек, тауық өсіру ерекше күтімді қажет етеді. «Оның үстіне елдің көзі деген бар» деген ол егін шаруашылығын қолға алған.
Отбасында 9 бала тәрбиеленсе, Сәрсенбек 8-шісі. Қара шаңырақтың иесі атанған кейіпкеріміз ендігі жерде мүмкіндігі шектеулі жандардың ұйымы мемлекеттік сатып алуға қатысып, өзгелер секілді елге қызмет етсе дегенді арман санайды.
Бастысы, ол бүгінгі күніне шүкіршілік етеді. Оның бауырлары өмірге дені сау болып келген.
«Аллаға шүкір, емдеу жағын қарастырмадым. Егер ойласам, қазіргі күніме жете алмай қалатын сияқтымын. Мемлекет қарайласып жатыр. Ай сайын 37 мың теңге көлемінде жәрдемақы төлеп отырады» деп сөзін аяқтады кәсіпкерлікті бастарда еш қаймықпаған Серсенбек Сартаев.
Ақпарат ретінде айта кетейік, жыл басынан бері Отырар аудандық әкімдігінің қолдауымен ауданда 10 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналасса, екі адам өз кәсібін дөңгелеткен.