Дарбаза ауылының тұрғындары. Скриншот: 31 арна
Оңтүстік Қазақстан облысының бес мыңнан астам тұрғыны бар Дарбаза ауылында қара халық жаппай ауруға шалдығып жатыр. Балаларының басы айналып, мұрындарынан қан кетсе, тексеруден өткен қырық әйелдің омырауынан қатерлі ісіктің белгісі анықталған деп хабарлайды 31 арна.
Күндіз де, түнде де далаға шығудан қалдық деп ашынған қара халық осының барлығына себеп — ауыл іргесіндегі шайыр өндіретін зауыттан шығатын зиянды түтін деп отыр.
Ауылы тұрғындары түнгі бірден таң атқанғанға дейін сыртқа шыққан кез-келген бала еріксіз жылайтынын, ал күндіз тынысы тарылғаннан мұрны қанап, басы айналуы жиілегенін айтты. Аяғы ауыр келіндердің түсік тастауы да белең алған.
Алты жасар баласының ауруға шалдыққанын айтқан дарбазалық Шолпан Үкібаева басы айналып құлап қала берген екі баласын ауылдан алыстатыпты. Сырттан келген қонақтар болса, жағымсыз иістен әп-сәтте мазасы қашатын көрінеді.
Ең сорақысы, алпыс үш әйелді тексеруге алған дәрігерлер қырық әйелдің омырауынан қатерлі ісіктің белгісін анықтапты.
«Бұл жағдай сақтала берсе, ауыл халқы түгел қырылып кетпек», — дейді тұрғындар.
Халықтың шағымы зауыт ашылғалы туындап отыр дегенді биліктің өзі де растады. Наразылық жиілеген соң, құзырлы мекемедегілер бас қосып, жиын да өткізіпті. Оған зауыт өкілдері қатысқан.
Ал дәрігерлердің науқастар санының күрт өскендігі жайлы ақпаратты әкімдік растады.
«Қазіргі таңда аудандық прокуратура тарапынан іс қозғалды. Облыстық экологиялық комитетінен тиісті қаулы шығарылды. Соның тиісті мамандары лабораториясымен келіп, бұл зауыт жөнінде нақты жұмыстар жүргізіп, өзінің шешімін беретін болады», — дейді Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары.
Билік халыққа зауыт басшысы Серік Ағабековтың уәдесін алдық, бүгіннен бастап зауыт өз жұмысын толықтай тоқтатты деп мәлімдеді. Алайда тұрғындар пікірі басқа.
Олар халықты улап отырған қою қара түтіннің аздап саябырсығаны болмаса, тоқтады дегені өтірік деп отыр. Егер улану дерегі осылай жалғаса берсе, халық темір жолды жабамыз дейді.
KAZAKBOL.COM