Бейсенбі күні Қазақстан сенаты Байқоңыр айлағын Ресейге жалға беру мерзімін ұзартуды қарастыратын заңды мақұлдады. Бұл туралы жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.
Құжат «Қазақстан үкiметi мен Ресей үкiметi арасында 1994 жылы 10 желтоқсанда қол қойылған «Байқоңыр» кешенiн жалға беру туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау» деп аталады.
Жоғары палата өкілдерінің айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің өздеріне алған міндеттемелерін орындап жатқаны «Байқоңыр» кешенінің ғылыми-техникалық, өндірістік, әлеуметтік-мәдени потенциалын тиімді пайдаланып, сақтауға мүмкіндік береді. Бұған қоса, аймақтың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Байқоңыр айлағын жалға алғаны үшін Ресей жыл сайын Қазақстанға 115 млн доллар төлейді. 27 жыл ішінде Қазақстан айлықты жалға бергені үшін 3 млрд доллар алған.
Бұған дейін цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Ресей Байқоңырда улы гептилді отын ретінде пайдаланатын «Протон» зымыран-тасығышын ұшыруды қысқартып жатыр, 2026 жылға қарай оны пайдалануды мүлде тоқтатады деп мәлімдеген еді.
ҚазТАГ-тың жазуынша, бейсенбі күні сенат отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев бюджеттен қаржы бөліп, гептилдің экологияға әсерін зерттеуді ұсынған. Оның айтуынша, Қазақстанда әлі күнге дейін зымыранның қоршаған орта, жануарлар әлемі мен тұрғындардың денсаулығына қаншалықты әсер етіп жатқаны туралы толымды ақпарат жоқ.
2013 жылы жазда Протон зымыраны «Байқоңыр’ ғарыш айлағынан көтеріле бере құлап, шамамен 200 тонна гептил мен 400 тонна амил төгілген. Ғарыш айлағына жақын жердегі Қызылорда облысы Қармақшы ауданының тұрғындары зиянды гептил «бұлтына» куә болған.
Кейбір мәліметке қарағанда, «Протон» қолданылған жарты ғасырға жуық уақыт ішінде 404 зымыран ғарышқа ұшырылып, оның 49-ы апатқа ұшыраған.
KAZAKBOL.COM