Пентагонның мәлімдеуінше, бұрынғы ауған армиясының Кабул құлағаннан кейін Тәжікстан мен Өзбекстанға қонған тікұшақтары тәліптерге берілмейді.
«Талибан» қозғалысының өкілдері Тәжікстан мен Өзбекстаннан тікұшақтарды Ауғанстанға қайтаруын бірнеше мәрте талап еткен. Мәліметтерге қарағанда, Душанбе мен Ташкент бұл тікұшақтарды елде қалдыруға рұқсат беруін АҚШ-тан сұраған.
Пентагонның ресми өкілі Джон Кирби 18 қаңтарда тікұшақтарға қатысты сауалға жауап беріп, мәселе әлі шешілмегенін айтты. «Бірақ оларды Ауғанстандағы тәліптерге береді деп ойламаймын», — деді Кирби.
Пентагон өкілінің айтуынша, тікұшақтарды қайда жіберу төңірегіндегі пікір-талас әлі аяқталған жоқ.
Өткен аптада ғана тәліптер үкіметінің бір өкілі Тәжікстан мен Өзбекстанға сес көрсеткен. «Біздің ұшақтар шетелде қалып, оларды бәз біреулердің қолданғанына ешқашан жол бермейміз», — деп мәлімдеген Ауғанстан қорғаныс министрі міндетін атқарушы Мавлави Мұхаммад Якуб («Талибан» қозғалысының негізін қалаған молла Омардың ұлы). «Ұшақтар Ауғанстанға қайтарылмаса, арты жаман болады», — деп ескерткен тәліптердің қорғаныс министрлігінің басшысы.
Тәжікстан мен Өзбекстан Кабулдағы жаңа биліктің талаптарына ресми жауап бермеді.
Тікұшақтардың денін кезінде АҚШ ауған қарулы күштеріне берген. Былтыр тамызда Ашраф Ғани үкіметі құлаған уақытта ондаған ауған ұшқышы Тәжікстан мен Өзбекстанға қашты.
KAZAKBOL.COM