Новости Казахстана, Новости России и мира,Обновляемая лента новостей

ПРЕЗИДЕНТТІҢ КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВІ ЖАСАҚТАЛДЫ


Қазақстанға мемлекеттік басқарудың адекват моделі керек. Президенттің кадрлық резервіне кірген жастармен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлім етті. Президент сондай-ақ, мемлекеттік орган басшыларының түрлі қызметке инелікше секіріп, бір орында тұрақтамайтынын алға тартты. Ал бастық болғандардың командасымен көшіп-қонып жүретінін тоқтату керек, деді ол. Сонымен, жаңа жасақталған президенттік кадрлық резервіндегілер бұл олқылықтарды біле ме? Таңдалғандардың ішінде бай-манап, шен-шекпенділердің, лауазымды басшылардың балалары бар ма? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Мемлекет басшысы жас кадрлер жиналған ортаға ресми хабарлаусыз кірді. Арадағы әңгіме еркін форматта болсын дегенді меңзегендей. Алдағы уақытта ел басқару араласатын үміткерлерге бұл жиынның маңыздылығын түсіндірді. Президенттен кейін сөз алған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы жалпы резервтің жасақталуы жайында аз-кем сөз қозғады. Бұл шараның өтуі барысынан ерекше шабыт алған Анар Жайылғанова ғажап теңеулер келтірді.

«При этом резервистов сравнивают с легендарными 300 спартанцами. Именно за вхождение в это резерв шла конкурентная и интелектуальная борьба конкурентов».

Сәлден соң жиынның алдыңғы қатарында, алдын-ала дайын отырған жастар бірінен соң бірі мінберге шықты. 300 спартандықтың әсері енді тарқай бергені сол еді, Қытайда білім алып, бұл күні кәсіпкер атанған Тілектес Адамбековтың көңіл толқытатын естеліктері тағы бір сюжетті еске түсірді.

ТІЛЕКТЕС АДАМБЕКОВ, «EURASIA BLOCKCHAIN FINTECH GROUP LIMITED» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ
«Бала кезімде бауырымыз екеуміз өзен жағасында ойнап жүріп, аспанда самғаған ұшақты көрген сайын жүгіріп, ауыл сыртындағы ел-жерлер туралы ойланатынбыз. Әрине, ол кезде шетелге бару, өзге елдің тілін, мәдениетін білу жәй ғана арман болатын. Бұл арманмен тәуезсіз Қазақстанда Елбасымыздың бастауымен қаланған «Болашақ» бағдарламасы ұштастырды».

Жиналған жұрт қошеметтеп жатты. Бірақ, бұл сөздер көпке таныс фильмнің сценарийіне қатты ұқсап кетті ме, қалай?

«Аспанға көз тігуді ұнатамын. Аспан бізге ел сенімін ақтап, туған отанымызға қалтқысыз қызмет етуге үйретеді. Иә, менің балалық шағымның аспаны осындай».

Сәйкестік деп осыны айт! Жалпы, жиында а деп ауыз ашқанның бәрі мықты, «бәрі сен тұр мен атайын дейтін» серкелер. Солардың бірі Ринат Бектұров. Бұл кісі де бос жүрмей, астанадағы Қаржы орталығында отырып, елге инвестиция тартуда аянбай еңбек етіп жатыр екен.

РИНАТ БЕКТҰРОВ, АСТАНА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫ БИРЖАСЫНЫҢ ҚАРЖЫ ДИРЕКТОРЫ
«Инвестицияның келуі еліміздегі түрлі жобаларды қаржыландырып, экономикамызды диверсификациялауға яғни жаңа жұмыс орындарын құрып, халықтың әл-ауқатын көтеруге үлес қосады. Осы бағытта қызмет етіп, өз үлесімді қосу алдыма қойған ең үлкен мақсатым. + Сөзімнің соңында мені қанаттандырып, мені жылдар бойы алға жетелеген ұлы Абайдың мына сөздерін еске алғым келеді. Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң, арқалан. Сен де — бір кірпіш, дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!».

Қаржыгер жігіт патриотизмнің шаңын шығарып, шыңына бір-ақ шықты. Оның пысықтығына көз тігіп отырған Президент, қарқынын дәл бағамдады.

«Өнерің бар екен. Сөзің шешен. Сөзіңе қарағанда өтесін жігіт сияқтысың».

Талабы таудай резервтің өкілдерін тыңдаған Қасым-Жомарт Тоқаев мінберге шығып, ел назарын өзіне бұрды. Әзіл-қалжың әңгімені былай қойғанда, бұл толқынға үлкен аманат артылып отырғанын жеткізді. Қит етсе командасымен ауысып, араға адам салып, «аға-көке» деп жүрген ескіше ойлайтын пысықайлардың өрісін тарылтатын, орнын алатын нағыз мемлекетшіл буын керек екенін меңзеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕПСУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
«Мемлекеттік қызметте «командамен ауысу» әлі де өте өзекті мәселе болып отыр. Шын мәнінде, министр немесе әкім ауысқан кезде, кадрлық құрам да айтарлықтай өзгеретіні айқын. Әлі күнге дейін қамқорлық және таныс арқылы, ықпалды қамқоршының көмегімен қызмет сатысында ілгерілеу жайттары бар. Бұл шындық екені жасырын емес. Оны бәріміз де білеміз. Бұған жол беруге болмайды. Мұндай жүйені қоғамдық пікір арқылы да сыни сараптамаға ұшырату қажет. Басқаша мүмкін емес. Кейбір мемлекеттік қызметкерлер ескі жүйеден шыға алмай, елдегі жаңғыру процестерін тежейді. Ведомстволар мен бөлімшелердің басшылары шегіртке сияқты бір қызметтен басқасына секіріп жүр».

Жиын аяқталған соң, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасын әңгімеге тарттық. Сұрақ мынау: резервке қабылданғандардың ішінде әкім, шенеунік, лазауымды басшылардың балалары бар ма? Анар Жайылғанованың пікірінше, олар мұндай тізімге зәруі емес екен.

АНАР ЖАЙЫЛҒАНОВА, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
«Лауазымды тұлғалардың балаларының көбі өтпей қалды, шыны керек. Басында көп еді ғой. Кейін өтпей қалды. Бірлі жарым мүмкін бар шығар. 300 адамның ішінде. Есімде жоқ. Өткен жоқ. Басында олар болған. Кейін олардың барлығын алып тастадық. Өйткені олар онсыз да жоғары лауазымды қызметте отыр. Сондықтан оларға мұның еш пайдасы да тие қоймас».

«Сайдың тасындай іріктелген Президенттің кадрлық резервінің 300 мүшесі анықталды. Емтихан тапсырып, сұхбаттасудан сүрінбей өткендер мемлекеттік қызметтен үмітті. Олардың 55-і тағайындалған. Алдағы уақытта 100-і бекітіледі деген жоспар бар. Мемлекет басшысы бұл үлкен жауапкершілік екенін ескертті. Қызмет алдым, креслоға отырдым деп шалқаймай, ел мүддесі үшін еңбек ету керек деп астын сызып тұрып айтты. Үміткерлер осы жеткен жетітіктеріне масайрап қала ма жоқ әлде үмітті ақтай ма? Уақыт көрсетеді».

Первый канал Евразия

KAZAKBOL.COM
Вам также могут понравиться

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.

Уважаемые посетители KAZAKBOL.COM ! Оставляя комментарии, проявляйте уважение и терпимость к мнению других пользователей. Сообщений, приводящих к разжиганию конфликтов, расистских высказываний, провокаций, оскорблений и дискуссий, не относящихся к теме статьи будут удаляться. Ссылки на сторонние ресурсы в комментариях запрещены. Подобные сообщения будут удаляться, а их авторы будут забанены.Мы не несем ответственность за форму и характер выставляемых комментариев.

KAZAKBOL.COM