Ресей Украинадан кемінде 1 миллиард долларға бағаланған бидайды шығарып алып кеткен. Бұл туралы Bloomberg агенттігі NASA Harvest’ке (АҚШ ғарыш агенттігінің халықаралық азық-түлік қауіпсіздігіне бағытталған жобасы) сілтеме жасап хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, Украинаның Ресей бақылауға алған аймағында бидайдың 6 миллион тонна түсімі жиналған. Мәскеу ол аймақтарды биыл қазан айында аннексиялағанын жариялаған.
Украинаның оккупацияланбаған аймағында биыл 26 миллион тоннадан астам бидай жиналған. Бұл алдын ала болжағаннан әлдеқайда көп.
Зерттеуде айтылғандай, Ресей кемелері Украинадан шығарылған бидайды Иран мен Ливия елдеріне экспорттаған.
Қазан айының аяғында Financial Times басылымының журналистері Ресей Украинадан шығарып алған бидайды әлемдік нарыққа сатып жатқанын жазған. Онда Запорожье облысынан шыққан жүктің экспорттық құжаттары өзгертіліп, Ресейдің Тольятти қаласынан жүктелгені жазылған.
Журналистердің мәліметіне сәйкес, Сирия арқылы шыққан кемедегі бидай Түркияның Хопа портында сатылған. Онда тоқтап тұрған «Павел» атты жүк тасушы кеменің суретін порттағы жергілікті шенеуніктердің бірі әлеуметтік желіге жариялаған.
Украина мен Ресей әлемде ең көп бидай экспорттайтын алдыңғы бес елдің қатарына кіреді. 2021 жылы Украина 12,4 миллиард долларға астық экспорттаған. Соғыс басталғаннан кейін теңіз арқылы бидай тасымалдау тоқтап қалды. Шілде айында Мәскеу үш украин портынан астықты жөнелтіп тұруға мүмкіндік берген. Қарашада тағы 120 күнге ұзартылған.
Украина осыған дейін Ресейді оккупацияланған аймақтардан астық шығарып жатыр деп бірнеше рет айыптаған.
KAZAKBOL.COM